Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 385.55
EUR 426.57
RUB 6.05
CNY 54.77

Әлихан Смайылов қай министрліктер мен әкімдіктер бюджет қаржысын игермегенін айтты

2019 жылдың 12 қараша 2019 11:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бірқатар министрлік пен әкімдік республикалық бюджеттен бөлінген қаржыны игере алмай отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында 10 айдағы мемлекеттік бюджеттің атқарылуы жайында баяндаған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Республикалық бюджеттің шығыстары 9 трлн 565 млрд теңгені немесе 99,2 пайызды құрады. 79 млрд теңге орындалған жоқ. Оның ішінде үнемделгені – 11 млрд теңге. 68 млрд теңге игерілмеген. Бұл жерде нақтыланған бюджеттің өзгерістері ескерілмеген, олар қараша айында көрініс табады», - деді ол.

Осы орайда бірінші вице-премьер ең көп қаражатты игермеген республикалық бюджеттік бағдарлама әкімшілерін атады.

«Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі – 10,1 млрд теңге; Білім және ғылым министрлігі - 9,3 млрд теңге; Индустрия және инновациялық даму министрлігі - 7,8 млрд теңге; Мәдениет және спорт министрлігі - 6,1 млрд теңге; Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі - 5,1 млрд теңге. Негізгі себептері - мемлекеттік мекемелердің қайта ұйымдастырылуы, орындалған жұмыстар актілерінің уақтылы ұсынылмауы, шарттар, қосымша келісімдер жасасу рәсімдерінің ұзақ жүргізілуі», - деді Ә.Смайылов.

Оның дерегінше, жергілікті бюджеттердің шығыстары 4 трлн 705 млрд теңгені құрады. Орындалмағаны - 75 млрд теңге. Есепті кезеңде өңірлерге 1 трлн 256 млрд теңге сомасында нысаналы трансферттер бөлінді. Жергілікті деңгейде олар 97,3%-ке немесе 1 трлн 222 млрд теңгеге игерілді. Орындалмағаны - 34 млрд теңге, оның ішінде 7 млрд теңге - бюджет қаражатын үнемдеу. Игерілмегені - 27 млрд теңге.

«Ең көп игерілмеу мынадай өңірлерде қалыптасты: Нұр-Сұлтан қаласы – 6,1 млрд теңге, Алматы қаласы – 4,9 млрд теңге, Түркістан облысы – 3,4 млрд теңге, Батыс Қазақстан облысы - 2,9 млрд теңге», - деді ол.

Жоғары қарай