Ауа райы
Астана -22 °С
Алматы -8 °С
валюта бағамы
USD 383.95
EUR 429.26
RUB 6.16
CNY 55.02

Алматы мен Мәскеу ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

2019 жылдың 15 қараша 2019 17:48

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат– Мәскеудің Алматыдағы күндері аясында екі қаланың бауырластық қатынастарының 25 жылдығына орай инвестиция, сауда-экономикалық және іскерлік ынтымақтастық мәселелері бойынша конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров конференцияға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде екі қаланың достық қарым-қатынасының өміршеңдігін ерекше атады.

«Кезінде Алматыда тарихи және мәдени тұтастық біріктірген екі ел арасында стратегиялық маңызы бар байланыстар туындаған болатын. Біз заманауи Мәскеудің даму үрдісін жіті қадағалаймыз, жетістігіне қуанамыз, озық тәжірибесін үйренеміз. Алматыдағы Мәскеу күндері екі қаланың пайдасы үшін тәжірибе алмасуға, жаңа идеялар мен жоспарларды бөлісуге мүмкіндік береді», – деді Ержан Бабақұмаров.




Сондай-ақ, ол Алматы Қазақстанның мәдени және іскерлік орталығы, қаланың дамыған инфрақұрылымы, зияткерлік және мәдени бай мұрасы мен ондаған жылдар бойына жинақталған адами капитал креативті экономиканың дамуына кеңінен жол ашатынын атап өтті.

«Айта кетерлігі, біздің қалаларымыз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуда жергілікті әкімшілік, іскер жандар мен шығармашыл ұжымдар делегацияларының пікір алмасу сапарларының, кездесулерінің, келіссөз жүргізулерінің маңызы зор», - деді Алматы әкімінің орынбасары.

Өз кезегінде Алматыдағы Ресейдің Бас консулы Евгений Бобров Ресей мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықта Мәскеу мен Алматының басты рөл атқаратынын айтты.







«Алматы мен Ресей арасындағы тауар айналымы 2018 жылдың қорытындысы бойынша $4,7 млрд жетті. Ал, Мәскеу мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы $4 млрд құрайды», - деді Бас консул.

Алматы әкімдігі мен Мәскеу үкіметі арасында 2020-2023 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат сауда-экономикалық, гуманитарлық және мәдени ынтымақтастықта екіжақты қарым-қатынасты айқындайды.

Алматы әкімдігі тарапынан меморандумға қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, ал Мәскеу үкіметі жағынан Мәскеу үкіметінің министрі, сыртқы экономикалық және халықаралық байланыстар департаментінің басшысы Сергей Черемин қолдарын қойды.







Автор Алма Мұқанова
Басты сөздер: Алматы, Мәдениет, Ресей,
Жоғары қарай