Ауа райы
Астана 20 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 414.13
EUR 451.40
RUB 5.80
CNY 58.03

Алматы облысында мал ұрыларымен күрес басталды

2020 жылдың 20 мамыр 2020 06:00

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, алдын алу және мал ұрлығына қатысы бар тұлғаларды анықтау, сондай-ақ осыған ұқсас қылмыстардың орын алуына жағдай жасайтын себептерді жою мақсатында Алматы облысы аумағында 18 мамырдан бастап «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы жүргізілуде.

Іс-шара барысында облыс аумағында осындай ұрлықтың 7 дерегі тіркеліп, олардың барлығы кезекші тәулік ішінде ашылды. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары бұған дейін жасалған мал ұрлығына қатысты 12 қылмысты әшкере қылды. Қолды болған 8 бас мал табылып, заңды иелеріне қайтарлды. Мал ұрлығын кәсіп қылды деген күдікпен 20 күдікті тұлға ұсталып, 3 қылмыстық топтың жолы кесілді. Іс-шара барысында 24 ет және мал өнімдерін сату орындары тексерілді. 58 шаруа қожалығы мен қыстақтар тексеріліп, малдың қауіпсізідгін қамтамасыз ету бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мал және ет өнімдерін тасымалдаушылардың 6 көлігі тексерілді.

Облыстық полицейлер аталған қылмыстың алдын алуға бағытталған арнайы шаралар тұрақты түрде өткізілетінін атап өтті.

Өз кезегінде, тәртіп сақшылары мал ұрлығын болдырмау үшін төрт түлікті қараусыз жібермеуге, мал қораларда қауіпсіздік шараларын күшейтуге, ал қолды болған жағдайда шұғыл полицияға хабар беруге кеңес берді. Өйткені, уақыт өтіп кетсе, барымташыларды анықтау қиынға түсетіні анық.

Жоғары қарай