Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 389.86
EUR 435.32
RUB 6.12
CNY 55.12

Алматы облысының полицейі жоғалған қос бүлдіршінді аман-есен тауып берді

2019 жылдың 21 наурыз 2019 20:17

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысындағы Талғар ауданы Жаңалық ауылының учаскелік инспекторы 10 және 6 жастағы екі қыздың аман-есен табылып, үйіне оралуына көмектесті,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 20 наурыз күні Жаңалық ауылында болған. Үй ауласында ойнап жүрген апалы-сіңлілі екі қызды кешқұрым анасы таба алмаған. Полицияға хабар берген. Учаскелік инспектор полиция капитаны Нұржан Ошанов ауыл тұрғындары мен мектеп мұғалімдерін, полиция қызметкерлерін іздеуді ұйымдастырып, нәтижелі еңбек еткен. Қыздар түнгі сағат 00:30 шамасында ауыл сыртынан аман табылды.

«Талғар ауданының полицейлеріне, әсіресе, өзіміздің учаскелік инспекторға алғысымыз шексіз. Ол бір емес, екі қызымды тауып берді. Күннің суығына да, уақытқа да қарамай, бір адамдай жұмыла іздеген ауылдастарымызға, ауыл әкімдігіне алғысымызды білдіреміз. Кеше қатты қорқып кеттік. Бүгін қызымыз, міне, қасымызда отыр. Барлығына көп рахмет», - дейді табылған қос қыздың әкесі Аймұрат Құдайбергенов.

Естеріңізге сала кетейік, кеше жергілікті блогердің инстаграмм желісіндегі парақшасында Жаңалық ауылының екі бала белгісіз бағытқа кетіп, іздестіріліп жатқаны туралы хабар тараған. Хабарламада ауылдың учаскелік полиция инспекторы Н. Ошанов кез келген ақпарат болған жағдайда хабарласуын сұрап, ұялы телефон номерін жолдаған.

Автор Самал Қабышева
Басты сөздер: Алматы облысы, Оқиға,
Жоғары қарай