Ауа райы
Астана 13 °С
Алматы 19 °С
валюта бағамы
USD 384.06
EUR 429.19
RUB 6.08
CNY 55.83

Алматы облысының тұрғындары Жеңіс күнін қалай атап өтті

2019 жылдың 9 мамыр 2019 16:06 987

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда Жеңіс күніне орай мерекелік шаралар өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

9 Мамырға арналған бағдарлама алдымен Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы «Даңқ» обелискісіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Облыс әкімі Амандық Баталов бастаған әскерилер, ардагерлер мен қала жұртшылығы Мәңгілік алау алдында қаза болған жауынгерлер рухына тағзым етті.

Сондай-ақ «Батырларға тағзым» шеруінде майдангерлердің суреттерін ұстап шыққан 1 мыңнан астам адам қаланың орталық көшесімен жүріп өтті. 

null 

Ал «Жастар» саябағы сахнасында театрландырылған көрініс қойылды. Онда Отан туралы әндер айтылып, майдан даласындағы әскери өмір бейнеленді.

Мұнан соң жетісулықтарды 9 Мамыр мерекесімен құттықтаған облыс әкімі Екінші дүниежүзілік соғыс өткен тарихымыздың тағдырлы да, қасіретті кезеңі екенін атап өтті.

«Өмір мен өлім айқасқан сол бір жылдары біздің аға ұрпақ Отан қорғау жолында көзсіз ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсетті. «Жүк ауырын нар көтереді, ел ауырын ер көтереді» дейді бабаларымыз. Жаужүрек ұл-қыздарымыздың жеңісті жолының арқасында ауыр да, азапты жылдар артта қалды. Біз бүгін, тәуелсіз елде Жеңіс мерекесін зор қуанышпен қарсы ала отырып, ұрыс даласынан оралмаған майдангерлер рухына тағзым етіп, қаһармандар алдында бас иеміз», - деді А. Баталов.

Сонымен қатар өңір басшысы Жеңістің 74 жылдығына орай облыстық бюджеттен соғыс ардагерлерінің әрқайсысына 500 мың теңгеден біржолғы материалдық көмек көрсетілетінін, биылғы жылы соғыс ардагерлері мен басқа да санаттағы азаматтардың денсаулығын түзеуге 470 млн теңгеге жуық қаржы бөлінгенін тілге тиек етті. Сондай-ақ осындай қамқорлық пен құрмет үнемі жалғасын табатынын айтты.

Кеште қазақстандық эстрада жұлдыздары, Сүйінбай атындағы филармония әртістері мен Талдықорған әуендері фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әншілері өз өнерлерімен саябаққа келген көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Саябақ алаңында шатырлар құрылып, қалаған жандар дала асханасынан дәм татты. Облыс әкімі Амандық Баталов та соғыс ардагерлерімен бірге дала асханасына кіріп, әңгіме-дүкен құрды.

Мерекелі шараның соңы «Талдықорған» ипподромында ұлттық ат спорты жарыстарына ұласты.

Еске салсақ, мереке кешкілік «Ұлы ерлік шаттығы» атты би бағдарламасымен, көгілдір от шашумен түйінделмек.

Жалпы, Екінші дүниежүзілік соғысқа Жетісу жерінен 120 мыңнан астам адам қатысып, олардың 50 мыңы туған жеріне қайтпаған. Жетісулық 52 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Есімдері аңызға айналған 28 гвардияшы-панфиловшы батырлардың 10-ы - Алматы облысынан. Алматы облысында бүгінгі күні 91 соғыс ардагері, 10 мыңнан астам тыл еңбеккері тұрады. 

 

 

Жоғары қарай