Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Алматыда көпірдегі лифтінің есігін сындырған күдікті ұсталды

2019 жылдың 9 наурыз 2019 13:50

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда көшенің үстінен өтетін көпірдің мүгедектерге арналған лифтісінің есігін теуіп сындырған жасөспірімнің видеосы тарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Instagram-дағы видео желі қолданушыларының ызасын келтірді. Алматы полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, кәмелетке толмаған бұзақы ұсталған.

«Видеоматериалдан бұзақылық әрекеті қала магистральдарының бірінде жасалғаны көрініп тұр. Тексеріс кезінде оны 2003 жылы туған, кәмелетке толмаған азамат О. жасағаны анықталды. Бозбала осы әрекетінің нендей салдарға әкеп соқтыратынын ойламаған. Бірақ бұл жайт баланы, оның ата-анасын жауапкершіліктен құтқармайды. Жасөспірімнің өзі де сол жерге жақын маңда тұрады. Оныншы сыныпта оқитын бала ауқатты, толық отбасында тәрбиеленіп жатыр. Оның ата-анасымен сөйлесіп, бала тәрбиесі бойынша міндеттерін дұрыс атқармағаны үшін жауапкершілік жүктелетінін түсіндірдік», дейді Алматы полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналдық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Лейла Әліпбаева.

Іс материалы Алатау аудандық полиция басқармасында тіркеліп, жасөспірімді ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 435-бабына сәйкес әкімшілік жауапқа тарту үшін Алматы қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілді.

Автор: Еламан Тұрысбеков

Басты сөздер: Қылмыспен күрес, Оқиға, Алматы,
Жоғары қарай