Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Алматыда тауда жоғалған қызды іздеу жұмыстары тағы жалғасады

2019 жылдың 12 қараша 2019 19:22

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жосалы (Үлкен Алматы) Жосалы көлінің маңына серуенге шығып жоғалып кеткен турист қызды іздестіру қайта жалғасатын болады. Бұл туралы ҚазАқпарат ТЖК ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметовке сілтеме жасап хабарлайды.

«Кеше туыстары хабарласып, қызды іздеуді тоқтатуды өтінген еді. Бүгін кешке қарай тағы да өтініш жасап іздеу жұмыстарын жалғастыруды сұрады. Қазір кештің қараюына және тауда іздеу жұмыстарын түнде жүргізу қиыншылықтарына байланысты іздеуді таңертең сағат 8:00- де жеке құрамдағы он адамнан тұратын құтқарушылар тобы бастайды. Туыстары неге тағы да іздеу жұмыстарын жандандыруды өтіну себебін білмейміз», - деді ҚазАқпаратқа Нұрсұлтан Нұрахметов.

Сондай-ақ, ол құтқарушылар екіге бөлініп, оның әрбірінде кинологиялық топ жасақталатындығын жеткізді.

«Бірінші топ Үлкен Алматы (Жосалы) көлінен Коммунальникке дейін, ал екіншісі көлден ары қарай іздестіру шараларын жүргізеді», - деп қосты ол.

Еске салсақ, Үлкен Алматы (Жосалы) көлінің маңына серуенге шығып жоғалып кеткен турист қызды іздестіру шаралары тоқтатылғаны туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

Айта кету керек, бойжеткеннің жоғалғаны туралы 10 қараша күні белгілі болды. Ол соңғы уақытта тау туризмімен айналысып жүрген.

9 қараша сағат 13:00 шамасында ол Үлкен Алматы (Жосалы) көлінде түскен фотосын әлеуметтік желіге жариялаған. Одан кейін байланысқа шықпаған.

Хабарламадан соң құтқару жасағы ауа райының қолайсыздығына, түнгі уақытқа қарамастан іздеу жұмыстарын жүргізген.

Жоғары қарай