Ауа райы
Астана 30 °С
Алматы 35 °С
валюта бағамы
USD 384.87
EUR 432.52
RUB 6.11
CNY 55.95

Алматыда ядролық технологияларға арналған халықаралық форум өтіп жатыр

2019 жылдың 24 маусым 2019 17:13 483

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы  ядролық физика  институтында  «Ядролық ғылым және технологиялар» атты II халықаралық ғылыми  форум басталды. Оған алыс-жақын 17 мемлекеттен 200-ге жуық ғалым қатысып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маусымның 27-не дейін жалғасатын  форум шеңберінде  бірнеше іс-шара өткізу жоспарланған. Атап айтқанда, «Ядролық және радиациялық физика» атты  12-халықаралық конференция, «Медицина,өнеркәсіп және ауыл шаруашылығындағы  ядролық және радиациялық технологиялардың» I- халықаралық ғылыми-практикалық конференция және «Ядролық реакциялар бойынша Азиялық деректер базасын дамытудың» 10- семинары өтеді.

«Ядролық ғылым өте қызықты сала. Түрлі зерттеулер жүргіземіз. Біз бұл саланы дамытуға кірістік. Ядролық және радиациялық  технологиялар адам денсаулығы, азық-түлік, ауыл шаруашылығы, қоршаған орта, су ресурстары, энергетика т.б түрлі салаларда қолданылады»,-дейді Ядролық физика институтының директоры Ерғазы Кенжин.


Сондай-ақ, институт базасында   медицина мен өнеркәсіптегі ядролық және радиациялық технологияларды дамыту іске асырылып келеді. 2017 жылы радиациялық фармацевтика өндірісі мен  радиациялық стерилизация ғимараттары және ядролық медицина және биофизика орталығының объектілері пайдалануға берілді. Орталықтың базасында диагностика, түрлі аурулардың радионуклидтік терапиясы мен радиофармацевтикалық  өндіріске қажетті  барлық жағдай жасалған.

«Қазіргі таңда біздің  елімізде  гамма-сканерлер, диагностикалық жабдықтар мен позитрондық эмиссиялық томографиясы бар 5-6 мекеме жұмыс істейді.  Олар Алматы  және  Нұр-Сұлтан қалаларында орналасқан», - деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, Ерғазы Кенжин, «еліміздің  әр өңірінде  ядролық медицина орталықтары немесе бөлімдері болуы тиіс» деп санайды. Себебі, аталған орталық  қазақстандық науқастарға онкологияны заманауи әдістермен тегін диагностикалауға және емдеуге мүмкіндік бермек.

«Мұндай жоспар болды, мүмкін   қазір іске асырылып жатқан да болар. Бұған дейін қазақстандық науқастар  Ресей, Жапония және Кореяға барушы еді. Енді бізде де медициналық диагностика, терапия болады  деген үміттеміз», - деді Ерғазы Кенжин.

Шара аясындағы «Ядролық және радиациялық физика» халықаралық конференциясы 12-рет өткізіліп отыр. Ол ядролық физика, атом энергетикасы, қатты дене физикасы, радиациялық экология, ядролық физиканы талдау әдістерінің өзекті мәселелерін талқылауға арналған.


 «Медицинада, өнеркәсіпте және ауыл шаруашылығындағы ядролық және радиациялық технологиялар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция еліміздегі ядролық физика, медициналық орталықтар, өнеркәсіптік және ауылшаруашылық кәсіпорындары мамандарының ынтымақтастығын одан әрі нығайтады»,- деп есептейді ұйымдастырушылар.

Сондай-ақ, форум шеңберінде «Ядролық реакциялардағы Азиялық деректер базасын дамыту» атты 10-семинар өтеді.


Әлемнің әр елінен келген жетекші ғалымдар ядролық және радиациялық физиканың, радиациялық экологияның, талдау әдістерінің, медицина, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығындағы ядролық және радиациялық әдістердің өзекті  мәселелерін ортаға салды.









Халықаралық форумға Австрия, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Германия, Үндістан, Италия, Қытай, Моңғолия, Рессей, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Украина, Франция, Чехия және Жапония елдерінің өкілдері қатысып жатыр.

Автор: Алма Мұқанова

 

 

Басты сөздер: Медицина, Алматы, Ғылым,
Жоғары қарай