Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 377.19
EUR 408.99
RUB 5.93
CNY 54.02

Алматыдағы әл-Фараби орталығы қалай жұмыс істейді

2020 жылдың 29 қаңтар 2020 15:04

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жаңадан ашылған әл-Фараби орталығының директоры Бекжан Мейірбаев орталықта қандай жұмыстар атқарылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл – жаһандық маңызды оқиға, әл-Фараби жылы ЮНЕСКО-ның қолдауымен бірінші рет өткізіліп отырған жоқ. 1970-ші жылдары әл-Фарабидің 1100 жылдығы жаһандық деңгейде үш қалада өтті: Алматы, Мәскеу және Бағдат. Ғұламаға арналған іс-шаралар жыл бойы ұйымдастырылды. Бүгінгі шараның да алар орны бөлек. Әл-Фараби тек Қазақстан үшін ғана емес, әлем үшін маңызды тұлға», – деді Бекжан Мейірбаев.





Ол 1993 жылдан бастап университет қабырғасында «әл-Фараби және қазақ халқының рухани мұрасы» атты ғылыми-зерттеу және білім беру орталығының жұмыс істеп тұрғанын жеткізді.

«Ауқымды шаралар аясында біз өз қызметімізді кеңейтіп, әл-Фарабидің орталығын құрып жатырмыз, ол ғылыми-зерттеу және ғылыми-білім беру қызметімен қатар әл-Фарабидің идеялары мен шығармашылығын насихаттайтын болады. Әл-Фараби интернет-порталының құрылуы мен бүгінгі тұсаукесері - соның айқын дәлелі. Біз барлық маңызды және сапалы мазмұнды ақпарат берудің тәсілін өзгертіп, заманауи форматқа көшеміз. Бұл сайт әлемнің түкпір-түкпіріндегі фарабитанушылар үшін ашық сұхбат алаңы болмақ. Ол Invisible College қағидатына негізделген және онлайн режімінде кез келген адам тіркелсе, оны тыңдай алады», - деді спикер.





Бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, білім министрі Асхат Аймағамбетов, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, БҰҰ және ЮНЕСКО, ИЫҰ, Қазақстандағы дипломатиялық миссиялардың өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ЖОО ректорлары, ғылыми орталықтар мен ҒЗИ жетекшілері, танымал шетелдік және отандық ғалымдар, отандық және шетелдік БАҚ өкілдері, оқытушылар мен студенттердің қатысуымен әл-Фараби орталығы салтанатты түрде ашылды.


























Жоғары қарай