Ауа райы
Нұр-Сұлтан 17 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 384.05
EUR 432.79
RUB 5.96
CNY 55.46

Алматыдағы сауда, ойын-сауық орталығында балаға жармасқан ер адам ұсталды

2019 жылдың 24 мамыр 2019 11:07 695

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы ойын-сауық орталығындағы дәретханада кішкене қыз балаларға жармасқан ер адам ұсталғаны жайлы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеше әлеуметтік желіде MEGA Alma-ata сауда, ойын-сауық орталығының дәретханасында кішкентай қыздарды аңдыған ер адам туралы хабар тарады.

«Шынында да екі кішкентай қыздың артынан әйелдер дәретханасына ер адам кіріп кеткен. Қыздардың бірі қашып шығып, шешесін көмекке шақырды. Ол СОО күзет қызметіне хабарлады. Күзет күдіктіні ұстап, құқық қорғау органдарына тапсырды», - делінген СОО-ның Instagram парақшасында.

Сонымен қатар Алматы полиция департаментінің өкілдері күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда отырғанын жеткізді.

«Кәмелетке толмаған қызға қатысты қылмыс жасады деген күдікті ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 128-бабына сәйкес ұсталып, Алматы қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына жіберілді», - деп мәлімдеді полиция.

Күдікті Ақтөбе облысының 32 жастағы тұрғыны болып шықты. Ол бұрын да кішкентай баланы азғырғаны үшін сотталған.

Қазіргі кезде күдіктінің әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің екі бірдей бабы: 121-баптың 4-бөлігі және 124-баптың 1-бөлігі бойынша тіркелген.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын Бостандық ауданының полиция басқармасы жүргізуде.

Іс аясында тиісті сараптамалар белгіленген. Тергеудің барысын Алматы полициясының және қала прокуратурасының басшылықтары қадағалап отыр.


Авторы Данияр Дәуітәлиев

 

 

Басты сөздер: Алматы, Оқиға,
Жоғары қарай