Ауа райы
Астана -24 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 387.37
EUR 428.55
RUB 6.06
CNY 55.06

Алматылық 200 мұғалім  деструктивті діни идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастыру бойынша дәріс тыңдады

2019 жылдың 18 қазан 2019 12:53

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда «The best center of all levels» ҚҚ мен Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы «Білім беру ұйымдары арасында дәстүрлі құндылықтарды насихаттау бойынша жеке және топтық алдын алу іс-шараларын өткізу» жобасын жүзеге асыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жобаның мақсаты – мектеп және колледж ұстаздарына деструктивті діни идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастыру және қазақ халқының дәстүрлі құндылықтарын дәріптеу болып табылады.

Семинарға 95 білім беру мекемесінің 200-ге жуық қызметкері қатысты. Ұстаздар деструктивті діни ағымның ықпалындағы білім алушыларды дәстүрлі діни бағытқа қайтару, қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын және рухани мәдениетін насихаттау, жастардың отанына деген патриоттық сезімдерін және білім саласындағы заңнаманың талаптарын сақтау деңгейін жоғарылату бойынша дәріс тыңдады.

Дәрісті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, философия ғылымдарының докторы, дінтануші Айнұр Дүрбелеңқызы оқыды. Оның айтуынша, мұндай семинар-тренингтер экстремизм мен терроризмнің алдын алуға және жастарды жат ағымдардан сақтауға өз септігін тигізеді.

«Ұлттық құндылықтарды баланың бойына жастайынан сіңіру қажет. Бұл жерде білім беру мекемелерінің соның ішінде ұстаздардың рөлі зор. Қазір жат ағымдардың өкілдері жастардың санасын улап жатыр. Оған қарсы шығудың бірден бір жолы балалардың бойына рухани мәдениетті барынша қалыптастыру қажет. Бүгін біз осы және өзгеде тақырыптарды ортаға салып талқылап жатырмыз»,- дейді филология ғылымдарының докторы Айнұр Дүрбелеңқызы.

Семинарға жиналғандар діни саладағы мемлекеттік саясаттың рөлі мен радикалды идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастыру бойынша өзара пікір алмасты.

Шара соңына семинарға қатысқандарға «The best center of all levels» қоғамдық қорының арнайы сертификаты табысталды.

Автор Алма Мұқанова
Басты сөздер: Алматы, Білім, Дін,
Жоғары қарай