Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 435.54
EUR 473.08
RUB 5.76
CNY 61.64

Алтайда дәстүрлі қазақ медицинасы ұлықталды  - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

2020 жылдың 11 қаңтар 2020 11:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Көшпелі қазақ ауылының қысқы тұрмыс-салтын бейнелеген туристік шара өтті - «Алтай ақпарат» сайты

Алтай аймағының Жеменей ауданында көшпелі қазақ ауылының қысқы тұрмыс-салтын бейнелеген «Сауыр тауындағы отар мәдениеті» туристік мерекесі тойланды, деп жазады altxw.com сайты.

















«Бұрындары малшылар қысы қатты жылдары алыстау құм жиектеріне, кең, күнгейлі, қысы жайлы жерлерге мал отарлатып көшіп баратын болған. Мұндайда ауылда азын-аулақ мал ғана қалады. Әсіресе жылқыны алысқа отарлату жиі болған. Жеменей ауданы осындай көшпелі қазақ ауылының қысқы тұрмыс-салтын бейнелеген «Сауыр тауындағы отар мәдениеті» туристік мерекесін биыл екінші рет өткізіп отыр. Бұл аталған іс-шара кезінде қазақ халқының этнографиялық тұрмыс мәдениеті жан-жақты көрсетіліп, алыс-жақынан келген туристердің қызығушылығын туғызды. Сондай ақ, қонақтарға қыз қуу, теңге ілу, көкпар тарту, қазақ күресі секілді ұлттық спорт түрлері мен келін түсіру, қыз ұзату сияқты салт-дәстүрлер көрсетілді», - деп жазады «Алтай ақпарат» сайты.




Алтайдағы дәстүрлі қазақ медицинасымен емдейтін аурухана ерекше ғимаратқа көшті - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Қытайдың Алтай қаласындағы 1985 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, қазақ халқының ұлттық медицинасын пайдаланып ем жасайтын аурухана жаңа жылдың алғашқы күні жаңа әрі ерекше ғимаратқа көшті, деп хабарлайды Қытайлық kazakcnr.com сайты.







Қазақ медицинасы – қазіргі күні қазақ емшілігі немесе қазақ шипагерлігі деп аталып жүр. Халық шипагерлігі осы заманғы медицина қалыптасқанға дейін ғасырлар бойы ұлтымыздың өсіп-өнуіне өзіндік ықпалын тигізіп келді. Осылайша ғасырлар керуенінен сұрыпталып, кемелденіп жеткен дәстүрлі медицина қазіргі күні Қытайда тұратын қандастарымыздың ортасында өз өміршеңдігін сақтап, қоғамда қажеттілік туғызып, дамып жатыр.





«1-ші қаңтар күні Алтай қаласында «Алтай аймақтық дәстүрлі қазақ медициналық ауруханасы» мен «Алтай аймақтық дәстүрлі қытай медициналық ауруханасының» жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Мемлекеттік 2- ші дәрежелі ұлттық аурухана атағына ие «Алтай аймақтық дәстүрлі қазақ медициналық ауруханасы» мемлекеттің «12-ші бесжылдық» даму жоспарында түйінді дамытылатын ұлттық емханалардың қатарына енген. Сондай-ақ, 2015-ші жылы Қытайдың «Жібек жолы экономикалық белдеуі» жобасының аясында «Халықаралық қазақ ұлттық медицинасымен емдеу орталығы» болып құрылған», - деп жазады CNR.





Осы ұлттық медициналық орталықтың басшысы Батима Қарақұлқызының айтуынша, жаңа ғимаратқа көшу арқылы аурухана науқастарға бұрынғыдан да жақсы, заман талабына сай сапалы медициналық қызметтер ұсына алатын болған.







«Алтай аймақтық дәстүрлі қазақ медициналық ауруханасы» жаңа қонысқа көшкеннен кейін, медициналық жабдықтары жаңарып, толықтанып, диагностика және емдеу технологиясы заманға сай кемелденді. Орталықта дәрілік бұлау ванналары, ішкі аурулар бөлімі, гинекология, дерматология, ревматология, ортопедия т.б бөлімдер жұмыс істейді. Жаңа аурухана ғимаратының жалпы ауданы 39000 шаршы метрді құрайды», - дейді Батима Қарақұлқызы.






Естеріңізге сала кетейік, Қытайда 7 ұлттың халықтық медицинасы жақсы дамыған. Оған қытай, тибет, моңғол, ұйғыр, хмонг (мяо), корей және қазақ емшіліктері кіреді. 1985 жылы Қытайдың Алтай қаласында Қазақ медицинасын дамытып, практикалық тұрғыдан қолданысқа енгізу үшін «Қазақ медициналық ауруханасы» ашылған. Ауруханада 213 қызметкер жұмыс істеген. Ал, 2008 жылы Алтайдағы медициналық колледжде «Қазақ емшілігі» мамандығы оқытыла бастады. 2011 жылы Үрімжіде Шыңжаң медицина университеті жанынан Қазақ медицинасы кафедрасы ашылып, Қазақ медицинасының жоғары білімді мамандарын даярлап шығу мүмкіндігіне қол жеткізді. Қазақ шипагерлігі, дәрішілігіне қатысты қыруар оқулықтар құрастырылып, құнды кітаптар, ғылыми зерттеу мақалалары жарияланды. Қазіргі күні Шыңжаң көлемінде үлкенді-кішілі 20-дан аса ұлттық медицинаны негіз еткен қазақ ауруханасы, 4 ғылыми зерттеу орталығы бар.





Өзбекстан Президентіне «Түркі әлемі дамуына қосқан зор үлесі үшін» халықаралық сыйлығы берілді - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияев Түркі әлемі жазушылары мен суретшілер қоры (TURKSAV қоры) ұсынған «Түркі әлемінің қайта өркендеуіне қосқан үлесі үшін» халықаралық сыйлығына ие болды, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.




«Бұл жөнінде TURKSAV-тың Анкарада өткен арнайы баспасөз маслихаты жиынында жарияланып, онда жеңімпаздың есімі TURKSAV алқалық комитетінің 2019 жылдағы Түркия және шетелдің көрнекті саясаткерлері, экономистері, ғылым және өнер қайраткерлерін зерттеу нәтижелері бойынша анықталып, бұл марапатқа Шавкат Мирзияев лайық деп табылған. TURKSAV марапаттау рәсімі Түркия парламенті мен үкіметік жоғары лауазымды қалың жұртшылық, бизнес және өнер қайраткерлерінің қатысуымен 2020 жылдың мамыр айында Анкарада өтуі жоспарланған», - деп жазады «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

Хиуадағы туризм нысандарын қайта жөндеу жұмыстарына Қытай қаржы бөлді - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

2020 жыл Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланған Хиуа шаһарындағы туризм нысандарын қайта жөндеу жұмыстарына Қытай мемлекеті 9,5 миллион доллар қаржы берді, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.




Аталған БАҚ-тың жазуынша, Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Сауда министрлігі 2017 жылғы 19 мамырда «Хорезм облысының тарихи және мәдени нысандарын қалпына келтіру» туралы грант бөлу келісіміне қол қойған.

ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енген Хиуадағы «Ішкі қаланың» көрінісін көркейту мен әлемдік саяхатшылар санын тағы да көбейту мақсатында Қытайдың «Chinese academy of Cultural heritage» ұйымы тарапынан Хиуадағы «Ішкі қала» мемлекеттік мұражай-кешеніндгі «Амир-Тура» медресесі, «Хасен Мурат қушбегі» мешіті мен «Зергерлер» көшесінің 500 метрлік ішкі жолағын қалпына келтіруге 9,5 миллион долларлық инвестициялық қаражат жұмсалған.

«Амир-Тура» медресесі 1870 жыл Хиуа ханы Мұхаммед Рахимхан тарапынан салдырылған болып, дәл осы жылдары Хиуа шаһарында 700-ге жуық қолонершілер мен ұсталар шеберханасы болған. Мұхаммед Рахимхан өзі ақын болып көне қалаға ақындар мен шығармашыл жандарды топтастырған. «Хасен Мурат қушбегі» мешіті XVIII ғасыр соңы мен XIX ғасыр басында аға-іні Хасен және Мұрат қушбегі мен Нияз тарапынан құрылған. Атаулы нысандарда қытайлықтар тарапынан 2018 жылдың жаз мезгілінен бастап қайта құру жұмыстары басталған», - деп жазады «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

Атақты актер Майкл Дуглас балаларымен бірге Ыстанбұлға келді - TRT

Оскар және Алтын Глобус сыйлықтарының лауреаты, америкалық актер және продюссер Майкл Дуглас балаларымен бірге Ыстанбұлға келді, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«Жұбайы, Оскар лауреаты Кэтрин Зета-Джонспен бірге үйленгендеріне 20 жыл толуын атап үшін Ыстанбұлға келген атақты актер балалары Дайлн және Кариспен бірге қаланы аралады. Атақты ерлі-зайыптылар 4 қаңтарда басталған Түркия демалыстарының бірінші күні Балат ауданын аралады, Аясофия мұражайына барды, бұғазда қайықпен қыдырыстады және Кузгунджук синагогасына барды», - деп жазады TRT ақпараттық порталы.





Бақытжол Кәкеш


Автор Бақытжол Кәкеш
Басты сөздер: БАҚ, Қоғам,
Жоғары қарай