Ауа райы
Астана -16 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 386.44
EUR 428.37
RUB 6.06
CNY 54.93

«Алтын адам» Малайзиядағы көрмеге қойылды

2019 жылдың 2 қазан 2019 10:19

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2019 жылдың қазан айының 1 күні Куала-Лумпурдағы Малайзия музейлерінің департаментінде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесінің салтанатты ашылуы болды.

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Ұлттық музейінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ең құнды жәдігері «Алтын адам» қойылды. Әлемді аралап жүрген «Алтын адам» - Қазақстанның символы! Осыған дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі ұйымдастырған халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы аясындағы ауқымды шара: Беларусь, Ресей, Әзербайжан, Қытай, Польша, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Солтүстік Македония және Түркия музейлеріндегі көрмелерде үлкен жетістікпен өтті.




1960-жылдардың соңы мен 1970-жылдардың басында Алматының маңайында танымал археолог Кемал Ақышев зерттеп жүрген Есік қорғанынан, кейін Қазақстанның символына айналған, сақ патшасы – «Алтын адамның» сүйегі табылған археологиялық сенсация болды. Баға жетпес олжаға «Қазақ Тутанхамоны» деген ат беріліп, «Ғасыр жаңалығы» деп танылды. Ежелгі дала билеушісінің тәжіндегі қанатты алтын пырақ әшекейлері Қазақстан Республикасы Елтаңбасының бөлшегіне айналды, ал Алтын адамның мүсіні Алматыдағы Тәуелсіздік алаңына орнатылды.

Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы, Малайзияның Туризм, өнер және мәдениет министрі Датук Мохамаддин бин Кетапи, Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Иманбаев, Малайзия музейлері департаментінің Бас директоры Датук Камарул Бахарин бин А.Касим қатысып, жылы лебіздерін жеткізді.




ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесі арқылы Ұлы даланың ежелгі және дәстүрлі өнерімен таныса аласыздар. Бұл көрме «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Жоба 2017 жылы қолға алынған болатын. Бүгінге дейін өткен күннің өшпес тарихын айқындайтын жәдігерлерді Еуропа және Азия елдері тамашалады. Көрменің басты экспонаты –«Алтын адам». Оның киімі түгел бағалы тастармен, яғни алтынмен өңделген. Сақ жауынгерінің киіміндегі алтынның әр бөлшегінде философиялық мазмұн бар. Әсіресе, оның бас киімі Тәңіршілдік сенімнің айқын көрінісін білдіреді. Қазіргі күні «Алтын адам» Тәуелсіз Қазақстанның басты нышаны екенін атап айтқан жөн. Сіздерге Ұлы даланың жауһар жәдігерлерін таныстыруға мүмкіндік алғанымыз үшін қуаныштымын», - деді.




Малайзия музейлерінің департаментіндегі көрмеден киімі алтын жапсырмалы және жебе, қар барысы, арқар, жылқы және құс түріндегі алтын тілімшелер әшекейлеп тұрған конус пішінді ерекше бас киімді Алтын адамның реконструкциясын және осы жас ақ сүйек сақ жауынгерімен (археологтардың пікірлері бойынша 17-18 жастар шамасында) бірге жерленген ерте темір ғасырының (б.д.д V-IV ғғ.) археологиялық олжаларының коллекциясын тамашалауға болады.

Сақтар (парсы тілінен аударғанда – «алып ерлер») – қазақтардың ертедегі бабалары. Грек авторларының шығармаларында оларды азиялық скифтер (saka сөзі скифтердің «бұғы» сөзінен туындайды), басқа ежелгі дереккөздерінде «ұшқыр атты турлар» деп көркем сипаттаған. Осы тайпалардың үлкен үш тобының қатарында «Алтын адам» жерленген Есік қорғаны табылған аймақта тұрған сақ-тиграхаудтар («шошақ бөріктілер») бар болатын.

Қорғаннан арасында киімдерді безендіретін детальдар, сол сияқты әшекейлер мен тұрмыстық заттар бар төрт мыңнан астам алтын бұйымдар табылды. Зерттеушілердің қорымдағы заттардың топографиясын тер төгіп зерттеулері нәтижесінде, көрмеге ұсынылып отырған сақ жауынгерінің келбетін жаңадан жасап шығу мүмкін болды.

Есік қорғанынан табылған заттардың арасында ежелгі жазба ескерткіштерінің бірі руна жазумен жазылған жазбасы бар күміс тостағанның экспозициядан алар орны ерекше.

Ежелгі дала өнерінің маңызды ерекшелігі саналатын зооморфтық бейнелердің басымдығы да мифологиялық ойлау өлшемдерімен белгіленеді. Мұның сюжетінің драматизмі жақсылық пен жамандықтың күресі, жарық пен қараңғының бастауы, жаңа өмірдің жасалуы, қарама-қайшылықтардың мәңгілік қозғалысының және мәңгілік күресінің символы ретінде түсіндіріледі. Осындай қарама-қайшылықтың айқын үлгісі ретінде көрмеге ұсынылған алтыннан қалыптау және бедерлеу техникасымен жасалған V-IV ғасырларға тән жапсырмасы бірін бірі дәл қайталайтын қос барыс түріндегі айылбасты айтуға болады.

Христиандық пен мұсылмандықтың орнығуына қарай «аң стилі» біртіндеп пұтқа табынушылық пен түсініктен шығатын бастапқы мәнін жоғалта бастады.

Алайда бастапқы сиқырлы мәнінен айрылған жануарлардың сәндік бейнелері зергерлік бұйымдарда, миниатюра кітаптарда, ағаш, тас және сүйек нақыштарында, сәулет сынды ортағасырлық өнерде әлдеқайда жинақталыңқыраған түрде, стильденген ою, зер элементтерінің пішінін қабылдап қолданыста қала берді. Бұл үрдістер экспозицияға қойылған XV ғасырға тән деп даталанған Сайрам көмбесінен табылған зергерлік өнер бұйымдарынан айқын байқалады. Көрмеде сол сияқты Тақсай (Батыс Қазақстан облысы), Талды-2 (Қарағанды облысы) және Берел (Шығыс Қазақстан облысы) сынды сақ қорғандарынан табылған археологиялық бірегей олжалар да көрсетілді.

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан барлығы 346 зат ұсынылды. Көрмеге ұсынылған Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық өнерінің жауһарлары – бұл Еуразия дала мәдениеті мұрасының өзіндік ерекшелігін көрсететін бұрынғының атаусыз шеберлері туындыларының аз ғана бөлігі.

Көрме «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында 2019 жылғы 1 қазаннан 31 қазанға дейін жалғасады.

Жоғары қарай