Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 389.62
EUR 429.98
RUB 6.06
CNY 55.08

Аналарға ескерткіш қою керек... - Өңірлік баспасөзге шолу

2019 жылдың 10 наурыз 2019 11:57

АСТАНА. ҚазАқпарат -Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселе көтеріп жатыр? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.

* * *

Ли Бо қытай ма, қазақ па? - «Жетісу» газеті




null

«Жетісу» газеті бүкіл әлемге Ли Бо есімімен танылған, қытай елі Ли Бай немесе «Періште ақын» деп атаған ұлы тұлға туралы мақала жариялады. Айта кетерлігі, «періште ақынды» түркі жұртына, соның ішінде қазаққа қатыстылығын тарта зерттеушілер де баршылық. Бұл мақала да сол бағытпен жазылып, бірқатар қызықты деректер келтіріледі. Мақалада ақынның өмірі Түркі дәуірімен байланысты екені айтыла келе, сол кезеңнің ерекшеліктері туралы жазылыпты.

«Б.з. 603 жылы мемлекет екіге, Шығыс және Батыс болып бөлінгенде Істемидің қарамағындағы батыс бөлігі «Он оқ елі» аталып, құрамы бес нушиби, бес дулу тайпаларынан тұрды. Енді, аталмыш осынау Ұлы қағанаттың біз сөз етіп отырған мақаламыздағы негізгі өзегі, ақынымыз Елібайға - (Ли Бай) қалай қатысы бар екеніне тоқталып өтейік, ол былай болған еді: Ежелгі дәуірден бергі шығыстағы көршіміз Қытайда жүріп «Жыр періштесі» аталған Елібайдың бесінші атасы осынау Түрік қағанатының құрамындағы 16 ханның бірі болған екен. Ол өзі 701 жылы Шу өзенінің оңтүстік жағасындағы Суяб қаласында өзі би, өзі бай көпестің шаңырағында дүниеге келіп, ол бес жасқа толғанда ата-анасы қытайдың Сычуань провинциясына қоныс аударған. Ал, оның туған елді мекені туралы «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында (8 - том, 89 бет) Суяб қаласының орны Қырғызстанның Тоқмақ қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 8 шақырым жердегі Шу өзенінің оңтүстік жағасындағы көне Ақбешім қала жұрты екені дәлелденді», - деген, мәліметтер келтірілген.

Мақалада автор Батыс Түрік қағанаты, Түркеш қағанаты кезеңіне де тоқталады. Сол кезеңдегі бес жасар Ли Боның Қытай еліне қоныс аударғанын, бала ақын дала елінен өзімен бірге өлең жазудың ерекше өрнегін ала барғанын алға тартады. Автордың пайымынша, Ли Боның суырып салма ақындығы, дастандарды жатқа таңнан таңға айтатын зеректігі негізінен қазақ ақындарына тән қасиет екен. Сосын оның қылыштасу өнерінің асқан шебері болуын да түркінің ұрпағына тартып тұрғанымен байланыстырады. Бұдан бөлек, қытайға жат екеніне қатысты автор бірқатар болжам, пайымын ұсынады. Өлеңдерінен де мысал келтіреді. Мақалада бұған дейін жазылған деректерге сүйенген автор оның ру-тайпасын, арғы ата-бабаларының шежіресін келтіріп, Ли Боны тегі түркі, Ұлы жүздің дулат тайпасынан шыққан деген қорытынды жасайды.

Шашын анасы қымызбен жуып өсірген...- «Оңтүстік Қазақстан» газеті




null

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің жазуынша, Түркістан облысында шашы ең ұзын әже Ордабасы ауданындағы Шұбар ауылында тұрады екен. Мақалада жазылғанындай, Рымкүл Бекенқызының бұрымын бала күнінде анасы қымызға жуып өсірген екен. Қазір оның шашы тобығына жетеді - 160 сантиметр.

Кейіпкердің айтуынша, жас кезінде шашы бұдан да қайратты, бұдан да қалың, бұдан да ұзын болған. Ол басын аптасына бір рет айранға немесе жұмыртқаға жуады екен. Бұл шаштың түбін нәрлендіріп, өсуін жеделдетеді.

Мақалада қазақ халқы қыз баласының бұрымын өсіріп-өруге, күтіп-баптауға ерекше мән бергені, шашты тек қайғылы жағдайда ғана жаюға жол бергені туралы айтылады. Рымкүл әже де бүгінде сол үрдісті ұстанады екен.

«Шаштың біз біле бермейтін құпиясы көп. Өмірімде үш рет шашымды қиғанымда да келеңсіз жағдайларға тап болғаным бар. Біріншісінде сәбиім шетінеді, екіншісінде күйеуім, үшіншісінде енем дүниеден өтті. Міне, осыдан кейін бұрынғылардың «белден төмен түсіп тұратын шашты орынсыз кесу қасіретке ұшыратады» дегенді тектен-текке айтпағанын ұқтым, - дейді ол»...

Әйелдер әлемінде қызықтар... - «Замана» газеті



null

«Замана» газеті Халықаралық әйелдер күні қарсаңында әйелдер туралы танымдық материалдар ұсыныпты. Мынандай деректер бар екен: «Әйелдердің құпия сырды сақтауға деген шыдамы ары кеткенде 47 сағат 15 минутқа ғана жетеді екен. Орташа алғанда, әрине. «Ерте ме, кеш пе, ол құпияны әйтеуір біреуге сөзсіз жеткізеді», - дейді зерттеушілер». Тағы бір деректе әйелдер тыныштыққа шыдай алмайтыны, олар үнемі сөйлеп жүруі керектігі жазылыпты. Сондықтан да олар көбіне өсек айтуға бейім екен. Жалпы, өмірінде әйел еркектен 3 есе көп сөйлейді.

«Әйелге қолыңды көрсет десең, алақанын төмен қарата көрсетеді. Ал еркек мұндайда керісінше істейді. Көйек-шалбар кию керек болса, әйел бірінші шалбарды, сосын көйлекті киеді. Еркек болса, бірінші көйлекті, сосын шалбарды киеді. Еркек бірдеңені лақтырарда қолын жанына қарай жайса, әйелдер мұндайда қолын көтере артқа қарай созады».

Бұдан басқа да қызықты деректерді мақаладан оқуға болады.

Шу батыр - «Aq jol» газеті




null

«Ақ жол» газеті тарихты терең білу жайын, оның ұлт пен ұрпақ тәрбиесіндегі орнын айта отырып, елдегі әрбір атаудың өз тарихы, мәні мен маңызы бар екеніне назар аудартады. Сондай атаудың бірі - Шу. Автордың жазуынша, Махмұд Қашқари ХІ ғасырда жазылған «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінде Шу батыр жайлы баяндаған екен. Онда ғалым Шуды біздің эрамызға дейінгі 356-323 жылдары өмір сүрген Ескендір Зұлқарнайынның замандасы, түркілердің жас хақаны еді деп суреттеген.

Мақалада автор Қашқари еңбегіндегі Шу батыр жайлы әңгімелерді келтіріп, ондай аңыздан Шу батырдың еліне қорған болғанын, ақылдылығы мен батырлығын алға тартады. Оның қала салдырып, өз есімімен атауына да назар аудартады. Аңызда хақан Шудың батырлығы, оның Зұлқарнайын әскерімен соғысы бейнеленген екен. Сосын әдебиеттанушы ғалым Немат Келімбетовтың да Шуға қатысты зерттеулерінен үзінділер беріледі.

«Арғы-бергі ғалымдардың пікірін қарастырып қорытқан Н.Келімбетов дастанның басты кейіпкері туралы: «Аса даңқты түрік билеушісі, есімі кезінде әлемге мәшһүр болған дарынды қолбасшы Шу батыр сақтар мемлекеттік бірлестігіне қарасты Шу аймағында өмір сүргені мәлім» деген тұжырымға келеді. Дастанда алдымен осы өңірдің табиғат көріністері суреттеліп, байырғы Баласағұн шаһарының маңайынан жас әмірші Шу батырдың жаңадан салдырған Шу қала-қамалының сәулеті жайында айтылады».

Тағы бір қызық: мақала авторы дастанда тағы бір көрініске назар аудартады. Ол ғалымның «Шу батырдың көк шатырын үстіне мұздай қару-жарақ асынған, арғымақ атқа мінген 12 нөкер күндіз-түні қоршап тұрады» деп жазуы екен.

«Осындағы 12 нөкердің жұмбағын ғалым Алтай тауы етегіндегі Берел қорымынан табылған сақтар көсеміне құрбандыққа шалынған аттардың санының он үш болуымен (оның біреуі патшаның жорыққа мінетін өз аты, сонда қоса құрбандыққа шалығаны 12 ат болып шығады) байланыстырып, бұлардың арасында қандай да бір байланыс бар деп ой қорытады».

Сәукеле! «Сау келе ме?..» - «Сарыарқа самалы» газеті




null

«Сарыарқа самалы» газеті қазақ қыздарының киелісі сәукеленің орны мен оның тарихы туралы да жазыпты. Автордың пікірінше, ғалымдар бұл бас киімді бағзыдағы Қозы Көрпеш-Баян сұлу заманынан да әріде жатқанын айтады. Солай болғанмен, бүгінгі сәукеле баяғының сән-салтанатын қаншалықты сақтады? Осы тақырыпты ашу үшін тілшінің филология ғылымының докторы, профессор Айтмұхамет Тұрышевпен сәукеле хақында сұхбаты жарияланған.

Ғалым сұхбат барысында сәукелеге қатысты қызықты деректер келтіреді. Мәселен, қазақтың кей байлары ұзатылатын қызының сәукелесіне қырық қысырақ жұмсаған.

«Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбасында мынадай дерек бар: «ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген Кіші жүздің Байсақал атты бай қызының сәукелесін Кенесары ханның ағасы Саржан төре 500 байталға бағалаған» дейді. Яғни Байсақал бай мен Орта жүздің Сапақ байы құда болыпты. Сонда қыз беріп отырған Байсақал бай құдаларына қыздың сәукелесін беріп жіберіп: «Басқа ештеңе сұрамаймын, тек осы бір сәукеленің бағасын өздері есептеп берсе болды» депті. Сонда Кенесарының ағасы Саржан төре «сәукеленің бағасы бес жүз байтал екен, сондықтан қызының қалыңмалы бес жүз жылқы болсын» деп кескен дейді. Міне, көрдіңіз бе, біз о заманда сәукелеге қаншалықты деңгейде мән бергенбіз».

Сұхбаттасушылар қазақта қызға беретін қалыңмалдың құнын он орап алатындай сәукелелер болғанын да айтады. Сосын сәукелені безендіру, оған қосылатын асыл тастар туралы да сөз болады. Қызықты тарихи деректер де келтіріледі. Мәселен, «кезінде Петербургте өткен шығыстанушылардың конгресінде Ақмола, Көкшетау, Атбасар, солтүстік аймақтарда асқан шеберлікпен жасалған алтын шашақты, жібек жаулықты сәукелелер жұрт назарына ұсынылған, оларды Шыңғыс Уәлиханов бастаған адамдар апарған» екен. Сондағы бір сәукеле 600 рубльге дейін бағаланған, ең қымбат, бағалы сәукелелер Атбасар жақтан ХІХ ғасырдың аяғында Нижнегородск көрмесіне ұсынылыпты.

Сосын зерттеуші Халел Арғынбаевтың былай айтқаны келтіріледі: «Бөкей ордасында кездескен бір түрінің құны күміс ақшамен 1000 сомға бағаланған екен. Ал Семей төңірегінде 2000 сомға жеткен көрінеді» десе, Құрбанғали Халид: «Біздің бала кезімізде Аякөз дуанына бір орыс төресі келіп, сыбан елінде бір төренің келінінің сәукелесін музейге ала ма, не істемек білмедім, 3000 сомға бағалағанын естігенбіз. Көргендер сәукеленің екі жағында түйе құмалағындай 4 маржан бар екен, 2000 мың сом болды, қалғанын мыңға бағалады десті» дейді. Ол заманда бұл дегеніңіз - үлкен ақша.

Сұхбат барысында «сәукеле» атауының қайдан шыққаны да әңгіме болады.

Мөңке бидің түсі - «Қостанай таңы» газеті




null

«Қостанай таңы» газеті аңыз, әңгімелерге, қазақтың даналық сөздері мен шешендік өнеріне де орын беріп келеді. Бұл жолы Мөңке бидің түсі туралы әңгіме шыққан екен. Әйгілі би түс көріп, сол түсін Сырым батырға жорытпақ болады. Көрген түс мынандай екен: Бір жолы бәйгеге 40 ат қостым, біреуі де бәйгеден келмеді. 30 ат қостым біреуі де келмеді. 5 ат қостым, төртеуі бәйгеден келмеді де, біреуі ғана қарақшыға аман жетті. Аман жеткені сол, келе сала пышаққа ілікті. Әлгі аттың ішін жарып жібергенімде, қасқыр шықты, қасқырды жарғанда түлкі шықты. Түлкіні жарғанда, қоян шықты».

Сырым түс жорудың жолын Мөңкенің ұзатылып кеткен қызына беруді ұйғарады. Қыздың жасаған шешуі мынандай: «40 ат дегеніміз - мұсылманның 40 парызы орындалмай қалатын заман болады екен; 30 аттың бәйгеден келмей қалатыны - 30 күн ораза ұстамайтын заман туады екен; 5 аттың төртеуі келмей, біреуі келгені - бес уақыт намаз қаза болып, оны біреу оқып, біреу оқымайтын кез келеді екен; қасқырдың шыққаны - кісінікін тартып алып, ұрлап жейтін зорлықшыл заманның туатыны шығар; Түлкі шыққаны - алдаушы мен арбаушы көбейетін, түлкідей бұлаңдаған заманның күтіп тұрғаны шығар; қоян шыққаны - ұрпақ үрейленіп өсетін, көлеңкесінен қорқып жүретін заман болар». Осыны айтып болғаннан кейін Мөңке бидің қызы: - Маған түс жорытқандарыңыз қате болды, күндердің күнінде әйел билеген заман келеді. Ол заманда әйелден ұят кетеді, еркектен намыс қашады, менің үш рет шақырғанда зорға келуімнің сыры осында еді депті.

Қой көтерген қарындас - «Дидар» газеті




null

Айым Нұржанова 2000 жылы Семейде дүниеге келген екен. Ол былтыр көрме болып жатқанда он төрт жігіттің ішінде 111 рет қой көтеріп екінші орын алған екен. Халықаралық көрмеге Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Моңғолия, Франция, АҚШ, Қытайдан айтулы мамандар қатысыпты. Көрме қызып жатқан кезде жігіттер арасында қой көтеру сайысы өтетіні хабарланады. Сайысқа жігіттерден бөлек 18 жасар қыздың қатысқысы келетінін айтыпты. Сүйтсе осы жарыста қойды 185 рет көтерген Марат Оразбаев бас жүлде алса, 111 рет көтерген Айым Нұржанова екінші орынға шығыпты. Газет тілшісі осы палуан қыз туралы жасады.

« Мен көтерген қойдың салмағы 40 келі болды, - дейді Айым, - Жасым 18-де. Шәкәрім университетінде білім алатындығымнан оқу орны бізді осындай көрмелерге міндетті түрде шақырады. Себебі көрме мамандығымызбен тікелей байланысты. Сайысқа шақырып жатқан кезде ұзақ күткен бауырымыз үшін осы қойды ұтып алып, анама «қалжа» ретінде сыйласам деп ойладым. Сайысқа қатысайын деп ниет білдіргенімде, қасымдағы құрбыларым да мені қолдады».

Аналарға ескерткіш қою керек - «Орталық Қазақстан» газеті




null

«Орталық Қазақстан» газетінің жазуынша, Қарағанды аймағындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің ұзын-ырғасы 1600-ге жуықтайды екен. Онда тарихи, археологиялық мекендерден бастап, әр өңірдегі мәдени ескерткіштер де бар.

«Бірақ, осы ескерткіштердің ортасында анаға арналғаны жоқ. Қарағандының қара басы ескерткіштен кенде емес. Ұлттың ұлы тұлғаларына қойылғандарын айтпағанда, жекеменшік иелері ит, құс, мысыққа, қияр, қызанаққа дейін сәулет мүсіндерін орнатып тастапты. Бірақ, аналарға таппадық. Қазақ үшін ана - қастерлі ұғым. «жұмақ ананың табанының астында» дейтін де қазақ. Былтырғы жылы Ақтөбе Қазақстанда баламасы жоқ аналар сарайын тұрғызды. Қарағандыдағы бір саябақта аналарға ескерткіш орнатылса, ол да бір мәдени нысан болмас па еді?» деп жазады автор.

Мақалада тарихта аты қалған аналар туралы айтылып, оларға қойылған ескерткіштің некен саяқ екеніне назар аудартылады.

«Бүгінде қыз-келіншектердің, Аналардың мерекесі қарсаңында - Қарағандының қақ ортасында Аналарға арналған ескерткіш бой көтерсе деген тілек-ұсыныс бар. Оның маңы саябақпен көмкерілсе, тіпті, тамаша. «Ана мен бала» саябағы - атауының өзі бір қаралық емес пе? Бұл - тәрбиелік һәм тәлімдік мәні зор іс болар еді, әрине. Өйткені, Ана - Өмір. Өмір сөзінің синонимі - Ана. Бұған келіспеуіңізге болады. Бірақ, біздегі түйсік пен жүрек осыған қол қойып отыр».

Мақала авторы ескерткіш орнатудың мәні мен мағынасын сөз ете келе, бұның есте сақтау үшін, ұрпаққа ескертіп тұру үшін атқарылатын ұлағатты іс екенін алға тартады. «Демек, Анаға шексіз құрметті санада ұдайы жаңғыртатын Аналар ескерткішінің де маңызы зор болмақ».

Автор Қанат Мәметқазыұлы
Басты сөздер: Қоғам, БАҚ,
Жоғары қарай