Ауа райы
Астана -22 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Анар Жаилғанова мемқызметшілердің смартфонға рұқсаты, дауға қалғандар мен Президенттік жастар кадр резерві жайлы

2019 жылдың 1 қазан 2019 16:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу қалай жүргізіліп жатыр? Мемқызметшілерге жұмыс орнында смартфон ұстауға рұқсат беріле ме? Басы дауға қалған мемқызметшілердің жайы не болмақ? Осы сала қызметкерлерінің саны қысқара ма? Айлығы өсе ме?

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жаилғановамен өрбіткен бір сағаттық сұхбатта біршама мәселенің мән-жайын біліп алмаққа тырыстық.

Алдымен, Президенттік кадрлық резерв жайлы...

- Анар Нұралықызы, Жастардың Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Бір сөзіңізде үміткерлерді іріктеу жыл соңына дейін жалғасатынын айтып қалдыңыз. Бұл бағыттағы жұмыстың қазіргі нәтижесі қандай?

- Президенттік жастар кадр резервіне үміткерлерді жинау, шынында да, осы жылдың 25 желтоқсанына дейін жалғасады. Жұмыстың бірнеше кезеңі бар. Үміткерлерден құжат қабылдау жұмысын 1 қыркүйектен бастадық. Жоспарға сай, ол жұмыс желтоқсанда аяқталуы керек.

Ең алдымен, «Pkrezerv.kz» деген арнайы онлайн-платформа ашылды. Соған үміткерлер өзі жайлы аз ғана мәліметті – аты, тегі, жоғары білімі, жасы, бес жылдық жұмыс өтілі жайлы мәліметтерді жолдады. Дәл қазіргі уақытта 13 мыңнан аса үміткер тіркеліп, 7312 азамат толығымен құжаттарын тапсырды. Осы сандарға қарасақ, жастардың Президенттік жастар кадр резервіне деген қызығушылығы өте жоғары. Құжат қабылдау жұмысы 30 қыркүйекте аяқталды. Одан соң үміткерлер арнайы тесттен өтеді. Аталмыш сынақ үміткердің күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға бағытталған. Яғни, үміткерлердің теориялық дайындығын, олардың талдап-сараптау деңгейін және логикасын анықтауға мүмкіндік береді. Ол сыннан кейін біраз уақыт өткен соң тест нәтижелері бойынша комиссия жұмыс жүргізеді. Ол жерде кімнің қандай тест тапсырғанын ешкім көрмейді. Объективті болу үшін адамдардың тесттен өткені кодпен ғана сақталады. Бағалаушылар үміткерлердің тест нәтижелеріне өз бағасын беруі керек.

Эссе жазуға аз уақыт беріледі. Эссені бағалаған кезде үміткердің қаншалықты білімді екені, қаншалықты алға қойған мақсатын жүйелі түрде жеткізе алатыны, оны дәлелдей білуінің барлығы тексеріледі. Одан кейінгі кезең – өзінің таңдаған саласы бойынша жобасын көрсету. Үміткер видеоролик түріндегі жобасын комиссияға көрсетуі тиіс. Мәселен, ауыл шаруашылығын таңдаса, сол салада нақты қандай мәселелерді көтеру керектігіне байланысты қысқа ғана жоба жасайды. Осының барлығы онлайн форматта өтеді. Өйткені, бәрі ашық болғанын қалаймыз.

Ең соңғы екі кезең офлайн форматта өтеді. Әлбетте, компьютерлік сындардан кейін біз кез келген үміткердің қандай адам екенін біле алмайтынымыз анық. Үміткердің адами қасиеті қандай? Сарапшылардың комиссиясы оны да қарайды. Сарапшылардың құрамын Президент Әкімшілігі бекітеді. 25 желтоқсанда бітетін ең соңғы кезең – Ұлттық комиссия. Ол комиссия Президенттің Жарлығымен бекітілген. Құрамында алты адам ғана бар. Оған барлық кезеңдерден өтіп келген үміткерлер қатысады, солардың ішінен іріктеп, Президенттік жастар кадр резервіне енгізу туралы шешім қабылданады.

- Үміткерлерді іріктейтін сарапшылар құрамы әлі бекітілген жоқ па?

- Әлі бекітілмеді. Ол Президент Әкімшілігінің құзырында. Сарапшылар құрамы жақын арада бекітіліп, қарашада жұмысын бастайды.

- Мәселен, жыл соңында Президенттік жастар кадр резервіне 300 жас өрен іріктелді делік. Олармен ары қарай қандай жұмыс жүргізіледі? Олар белгілі бір жерде оқи ма, әлде қызметте бола ма? Мемлекет іріктелген жастарға қандай мүмкіндік бергелі отыр? Оларды іріктеген соң кәсіби дағдыларын шыңдауға арналған нақты жоспар бар ма?

- Өте жақсы сұрақ. Шынында да, оларды жоғары лауазымдарға бірден тағайындауды көздеп отырған жоқпыз. Тест, эссе және жоба бағалауынан өткен соң, ол бағалауды бейтарап компания сарапшылары жүзеге асырады. Олар барлық кезеңдерден өткен кезде сол адамның қабілеті туралы қорытындыларын жазып береді. Соған байланысты бағалау жүргізіледі. Нақты бір адам белгілі бір саланы таңдаса, оған қандай кәсіби біліктілік жетпей тұр? Соған байланысты үміткер біздің Мемлекеттік басқару академиясында арнайы дәріс алады. Яғни, жаңа форматтағы мемлекеттік басқарушылар осы бағдарлама аясында дағдысын жетілдіреді.

- Президенттік жастар кадр резервіне тек 35 жасқа дейінгі жастар қабылданатынын, іріктелген пулдың ішінен министр ретінде орталыққа, әкім ретінде өңірлерге жіберілетінін бұған дейінгі сұхбаттарыңызда айтқан едіңіз. Яғни, алдағы жылдары біздің елімізде 35-тегі, тіпті одан да жас министрлер немесе облыс әкімдері саяси сахнаға шығып қалуы әбден мүмкін бе, әлде олар белгілі бір жолды басып өтуі керек пе?

- Осындай сұрақтың болатынын біліп, резервтің уақытын 5 жылға дейін ұзарттық. Яғни, іріктелген үміткер 5 жыл бойы резервте тұрады. Бәлкім, біреулері бірден қызмет алатын болар. Бірақ, менің ойымша, бірден министр қызметі емес, одан төменгі лауазымда еңбек ете бастауы мүмкін. Аудан әкімдері, қала әкімдері, әкімнің орынбасарлары, әкімдіктердің аппарат басшылары, жауапты хатшылары, комитет төрағалары секілді сәл төменірек буыннан, қызметтік сатыдан бастайды деп ойлаймын. Мәселен, 35 жастағы үміткер 5 жыл резервте тұрса, жасы қырыққа да келіп қалады. Қазір мемлекеттік қызметтегі басшы лауазымдағылардың көбі 45-48 жас аралығындағы азаматтар. Неліктен 35 жас деп отырмыз? Өйткені шетелдік рекрутингтік компаниялардың сараптамаларын қарап отырсақ, 35 жасқа келген адам өзінің барлық әлеуетін ашып үлгереді екен. Оның жұмысқа байланысты барлық қасиеттері, құзіреті 35 жаста білінеді. Сондықтан, осы жасты таңдадық.

Айғай-шумен бетпе-бет келген мемқызметшіге кеңес

- Халықпен кездесулерде, әсіресе көпбалалы аналармен басқосуларда сабыр сақтамай яки эмоцияға беріліп, қоғамның сынына ілініп қалып жатқан билік өкілдерінің әлеуметтік желіде түрлі видео-фотолары тарап жүр. Мемлекеттік қызметшілердің тәртібіне жауапты лауазымды тұлға ретінде мұндай жайларға қатысты қандай пікір білдірер едіңіз?

- Мемлекеттік қызметші болғаннан кейін «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, біз өзімізге қандайда бір шектеулерді қабылдаймыз. Яғни, ең бірінші біз Әдеп кодексіне сай жүруіміз керек. Көпбалалы аналар болсын, басқа да азаматтарымыз болсын – халық мемлекеттік қызметшінің алдына басына түскен қиындықты шешуге келеді. Сондықтан, қандай жағдай болса да, мемлңекеттік қызметшілердің әдеп сақтағаны дұрыс.

Екіншіден, мемлекеттің атынан сөйлеп тұрғаннан кейін, мемлекет сол адамға сенім білдірген соң халықпен жұмыс істей білуі керек. Біз академияда осы мәселелерді қамтып жатырмыз. Яғни, біздің мемқызметшілерді халықпен жұмыс істеуге, халықтың тілінде сөйлесуге үйрету керек. Мемлекеттің қолдау шараларын халыққа жеткізген жөн. Ренжіп келген азаматтарға ашуланбай нақты түсіндіріп, мәселені байыпты түрде шешкен дұрыс деп есептеймін. Ол үшін біріншіден, Әдеп кодексі, екіншіден бүкіл республика бойынша 700-ден аса арнайы әдеп бойынша уәкіл бар. Олардың барлығы жұмыс жүргізіп жатыр. Мысалы, осы жартыжылдықтың ішінде 147 қақтығыс жағдайлары шешіліп, 116 адамның заңды құқықтары мен мүдделері қалпына келтірілді. Менің ойымша, тек уәкілдер ғана емес, ол мәселе әкімдерге де байланысты.

Жалпы, мемлекеттік қызметші заң шеңберінде азаматқа мемлекет қаншалықты көмек көрсете алады – соны байыпты түрде түсіндірген абзал деп санаймын.

- Әдеп жөніндегі кеңесте 147 істің қаралғанын атап өттіңіз. Сондай жайға тап болған мемқызметшінің «Біз де адамбыз. Намысқа тигеніне қорландық» деген уәжіне қатысты не айтар едіңіз?

- Ондай мәселе, шынында да, бар. Мемлекеттік қызметшінің намысына, ата-анасына тіл тигізіп жатқан жағдайларды жоқ дей алмаймыз. Бірақ, мұндай жанжалды өршітпей шыдамдылық танытқан дұрыс. Әрине, мемлекеттік қызметшінің де ішкі сезімі бар. Дегенмен, мемлекет атынан сөйлеп тұрғаннан кейін не болса да шыдау керек. Менің ойым солай. Қандай болғанда да, сол адамның мәселесін шешіп беруге тырысқан абзал. Абай атамыз айтпақшы, суық ақылмен ойланбақ керек.




Мемқызметшілердің айлығы өсе ме?

- Нұр-Сұлтан мен Маңғыстау облыстарының әкімдіктері, қатеселеспесем, Әділет министрлігінде пилоттық режімде әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы берудің жаңа жүйесі енгізілген болатын. Пилоттық жобаның нәтижесі қандай? Ол жүйені басқа өңірлер мен министрліктерге енгізуге бола ма?

- Факторлық-балдық шкала бойынша жүйе 2018 жылы пилотты режімде жұмысын бастаған болатын. Оған Әділет министрлігі, сол кездегі Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Нұр-Сұлтан қаласы, Маңғыстау облысы, кейін Алматы қаласының әкімдігі, Шымкент қаласының әкімдігі қосылды. Біздің пилот 2019 жылдың желтоқсан айында аяқталады. Аяқталғаннан кейін ары қарай ауқымын республика көлеміне таратамыз ба, таратпаймыз ба – қарастырамыз. Өйткені, бұл жердегі ең басты мәселе – адамдардың жұмыс істеуіне байланысты. Қазір мемқызметшілерді ынталандыру үшін айлығына үстемақы қосылуда. Сол үстемеқыны төлеу үшін қаражат көздері керек. Ол мәселені қарастырып жатырмыз. Мүмкін ведомствоішілік ұйымдарды қысқарту арқылы үнемделген ақшаны пайдаға жаратуға болар. Оның бәрі аймақтарға байланысты. Мысалы, Атырауды қарасаңыз, ол жүйені іске қосуға олардың жағдайы бар. Ал өздері дотацияда отырған аумақтар оны алып жүре алмайды. Сол себепті, тиісті қаражат көзін тапсақ, онда жобаның ауқымын кеңейтеміз. Табылмаса, басқаша жол іздейміз. Бізде Президенттің арнайы Жарлығы бар. Онда штаттың құрамын қысқарту арқылы үнемделген қаражатты қалған мемлекеттік қызметшілерге үстемақы ретінде төлеу жолы қарастырылған. Желтоқсан айында пилот жабылғаннан кейін сараптама жүргіземіз.

Мемқызметшілерге жұмыс орнында смартфон ұстауға рұқсат берілуі мүмкін

- Мемлекеттік қызметшілердің өз жұмыс орындарына смартфондарын алып кіру немесе кірмеуі – ең көп талқыға түскен тақырыптың бірі. Сіздің жеке пікіріңіз қандай, мемлекеттік қызметшілерге смартфондарын жұмысқа алып кіруіне рұқсат беру – дұрыс па, бұрыс па?

- Мысалы, біз агенттікте мемлекеттік қызметтермен айналысамыз. Агенттікте Digital agent деген қызмет бар. Ол департаментте белгіленген адам отырады. Ондағы қызметкер Digital agent арқылы қызмет алушылармен халыққа ұсынылған мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қойылған бағаларды және өтініштерді қадағалап отырады. Ондай қызметшілерге біз рұқсат береміз. Бірақ, ақпараттық қауіпсіздік бойынша олар өздеріне арнайы міндеттеме алады. Ол жерде «ешкімге артық ақпарат бермеймін, смартфонды тек жұмыс бабында пайдалану үшін қолданамын» деген талапқа мойынсұну керек. Яғни, өзіне міндет алады. Егер сол міндетті бұзса, онда ол қызметкер әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін.

Ал әзірге шешім қабылданбағандықтан, басқа департаменттегі адамдар смартфонды кіргізе алмайды. Бірақ, ол мәселе қазіргі уақытта Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тарапынан көтеріліп жатыр. Менің ойымша, болашақта ондай шектеуді алып тастауы мүмкін. Бірақ, киберқауіпсіздікке, мемлекеттік құпияларға байланысты ақпараттарға қатысты міндетті түрде шектеу қойылады.

- Автоматтандыру, цифрландыру заманында мемлекеттік қызметшінің қолында смартфонының болмауы – керісінше, жұмыс жүргізу қарқынын бәсеңдетеді деп ойламайсыз ба?

- Республика шеңберінде нақты шешім қабылданбағандықтан, әзірге барлық мемқызметшілерге смартфон кіргізуге рұқсат бере алмаймыз.

Ел ісіндегі елеулі мәселе

- Мемлекеттік қызмет – ел ісі, маңызды міндет. Қазір елімізде министрден бастап қарапайым маманға дейін өз міндетін тиімді атқаруына кедергі келтіретін факторларды атай аласыз ба? Олардан қалай арылуға болады деп есептейсіз?

- Заң жүзінде барлық мәселелер шешілген. Бірақ, енді кедергі келтіретін қандай факторлар болуы мүмкін? Менің ойымша, ең бастысы, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, біз халықты еститін мемлекет құруымыз керек. Қарап отырсаңыз, экономикада, әлеуметтік салада, тіпті жалпы өмірде жаңа үдерістер болып жатыр. Экономика қанат жайып, жасанды интеллект алға шықты. Бүкіл мемлекеттік қызмет цифрландырылу үстінде. Индустрия 4.0... Блокчейнге көшу мәселесі бар. Осының барлығы сөзсіз экономикаға үлкен әсерін тигізуде. Ал бірақ, мемлекеттік басқару бұрынғы жағдайда қалып тұр. Сондықтан, Президенттің тапсырмасына сай, осы мемлекеттік басқаруды, мемлекеттік қызметті әрі қарай дамыту туралы тұжырымдама жасалады. Ол тұжырымдама осы жылдың аяғына дейін жазылып бітуі керек. Оның ішінде біз де тиісті ұсыныстарымызды кіргіземіз. Ең басты мәселе – мемлекеттік басқару өзгермесе, экономиканың дамуына ілесіп жүре алмаймыз. Яғни, экономика мен әлеуметтің, қоғамның дамуымен мемлекеттік басқарудың дамуы – екеуі бір-бірімен үйлесімде болуы тиіс. Екеуінің үйлесімі ажыраса, онда біз бұрынғы көзқараспен, менталитетпен қаламыз. Жаңа трендтердің көшіне басқарушы адамдардың құзіреті жеткіліксіз болса – ол болмайды. ІТ-технологиялар дамып жатқан заманда мемлекеттік қызметшілер де соған сай болуы керек.

Осы тұжырымдамада жаңа заманауи үдерістердің барлығы ескеріледі деген ойдамын. Сұрағыңыз өте орынды. Біз ол бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз.

- Мемлекеттік басқару үдерісі экономика көшінен қалып қалмауы керектігін айтып жатырсыз. Ол жағынан көш ілгері озған Жапония еліндегі жүйе туралы осыдан біраз бұрын депутат Азат Перуашев мәселе көтерген болатын. Оның айтуынша, елімізде Жапониямен салыстырғанда мемлекеттік қызметшілердің саны тым көп. Яғни, депутат елімізде мемқызметшілердің санын аямай (!) қысқартуды ұсынып отыр. Бұрынғы әріптесіңіздің бұл пікірімен келісесіз бе?

- Жапониядағы халықтың санына мемлекеттік қызметшілердің саны аздан келеді. Олар ондай жағдайға цифрландыру, автоматтандыру арқылы келді. Біздің көздейтініміз де – сол мақсат. Президент те өз Жолдауында «2024 жылға дейін мемлекеттік қызметшілердің санын 25 пайызға дейін азайту» керектігін айтты. Оны міндетті түрде орындаймыз. Бірақ, оның алдында міндетті түрде сараптама жұмыстары жүргізіледі. Ол сараптаманы жалғыз біздің агенттік емес, Ұлттық экономика министрлігі де қолға алады. Себебі, бұл мәселе аталған министрліктің құзіретінде. Біздің еңбекақымызға қатысты мәселе де солардың құзіретінде.

Әрине, міндетті түрде мемқызметшілердің санын 25 пайызға қысқартамыз. Бірақ, істі байыпты жүргізуіміз керек. Мысалы, Түркістан облысында халық саны көп. Ал Солтүстік Қазақстанда жағдай басқаша. Сондықтан, бір өңірде қысқартып, бір жақта алып қалған дұрыс шығар. Мемқызметшілерді 25 пайызға қысқартқан кезде үнемделген қаражат қалғандарының еңбекақысына үстеме ретінде қосылады. Біздің өзіміздің менталитетіміз бар. Аумағымыз үлкен. Сондықтан, Президенттің қойған тапсырмасын кезең-кезеңмен орындаймыз.

Қоғамда бір түсінік бар – келісесіз бе?

- Қоғамда «Мемлекеттік қызметшілер түнге дейін жұмыста отырады, аз жалақы алады» деген стереотип қалыптасқан. Жастардың мемқызметке аса қызықпауының себебі осы түсінікте секілді. Расында да, мемлекеттік қызметтегі жағдай жастарды қызықтыратын деңгейде емес пе?

- Бұнымен келісе алмаймын, себебі бізде мысалы Қазақстанда нақты жұмыс істеп жатқан 90 мыңнан астам мемлекеттік қызметші болса, соның 22 мыңнан астамы жас мамандар. Бүгінде меритократия қағидаты күшеюде, жас мамандарымызға мүмкіндік беріліп отыр. Конкурсқа қатыссын, сол арқылы меритократия қағидаттарын нақтылай отырып, оларды ары қарай өсірсек дейміз. Өссе – жалақысы да көбейеді.




Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Соның шеңберінде біз Бурабайда арнайы форум өткіздік. 300-ге тарта мемлекеттік қызметші қатысты. Республикалық деңгейде 50 адам келді. Қарап отырсаңыз, жастардың әр түрлі саладағы жобалары керемет. Оның ішінен онын таңдап алып, үздік мемлекеттік қызметші атағын бердік. Қалғандарының барлығына өз атымнан Мақтау қағазын тапсырдым. Себебі, оларды ынталандыру керек. Келесі жолы ол қатысса – осы ондыққа ілінуі мүмкін. Жалындап тұрған жастар көп. Мемлекеттік қызметте жұмыс жасауға ынтасы бар жастардың «біз осы салаға келсек, ары қарай өсе аламыз» деген сенімі болуы керек. Осы сенімді оларға ұялата алатын болсақ, шынында да, ісіміздің ілгері басары хақ. Президенттік жастар кадр резерві де соған байланысты. Қарап отырсаңыз, қазіргі күннің өзінде 13 мыңнан астам адам қызығушылық танытып отыр. Сондықтан, менің ойымша, мемлекеттік қызмет - өзінің өзектілігін жоймайды. Бізге жастар келеді – мен оған сенімдімін!

- Уақыт бөліп сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!

Жоғары қарай