Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 389.75
EUR 434.26
RUB 6.12
CNY 55.05

Анкарада Қазақстан күндері өтті

2019 жылдың 4 қыркүйек 2019 16:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2019 жылғы 3 қыркүйекте Түркияның астанасы Анкарада «Анадолу күндері» мәдениет және өнер фестивалі аясында «Қазақстан күндері» өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шара Анкара қаласы Этимесгут ауданы мэриясының, Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Биыл он алтыншы рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі іс-шараға Алматы қаласының «Алатау» фольклорлы-этнографиялық ансамблі және «Отау» түркі әлемінің ән мен би бірлестігі және алыс-жақын түркі тілдес мемлекеттер мен Түркияның барлық қалалары мен провинцияларынан шығармашылық топтар қатысты.

Дәстүрлі өнер мерекесінде «Алатау» фольклорлық ансамблі көрермендер назарына «Қолбасшы», «Құлагер», «Қара жорға», «Ай сәулесі» және коптеген т.б. туындылар ұсынып, қазақ халқының ұлттық өнерін жоғары деңгейде таныстыра білді.





Қазақстандық өнерпаздардың шеберлігін түріктің 50 мыңға жуық көрермені тамашалап, 2 миллионнан астам көрермені бар «Бенгю Түрк» (Bengü Türk) телеарнасы тікелей эфирден көрсетті.

Фестиваль барысында Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің Кеңесші-уәкілі Айдос Қыдырма іс-шараның «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Қазақстандағы «Жастар жылы» аясында ұйымдастырылап отырғанын атап өтті.

Сонымен бірге А.Қыдырма өнегелі өнер мерекесін ұйымдастырған Этимесгут ауданы мэрі Əнуар Демирельге, фестивальға «Алатау», «Отау» ұжымдарының қатысуына мүмкіндік беріп, қолдау көрсеткен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа, қалалық мәдениет басқармасына және шығармашылық топтарға алғысын білдірді.





Алматы қаласының «Алатау» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің шығармашылық делегациясын қалалық мәдениет басқармасының бас маманы Айгерім Сенбаева бастап келді. «Отау» бірлестігіне Эльмира Шендуран жетекшілік етті.








Жоғары қарай