Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 388.81
EUR 429.01
RUB 6.08
CNY 55.49

«Архив-2025»: Сенатор Қытайдағы деректерді зерттеуде ұсыныстарын білдірді

2019 жылдың 2 ақпан 2019 10:52

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенатор Мұрат Бақтиярұлы Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдап, онда қазақ тарихына қатысты Қытайдағы деректерді зерттеуде бірнеше нақты ұсынысын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында қазақ тарихын тереңдете зерттеу үшін Үкіметке «Архив-2025» бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Сенат депутатының айтуынша, осы бағдарлама шеңберінде шетел архивтеріне маңыз берсек, басты назардағы елдің бірі - Қытай болмақ. Жазба тарихының ұзақтығымен және сақталған қыруар тарихи архивтердің молдығымен ерекшеленетін Қытай елінде сақтардан, ғұндардан, үйсіндерден қалған мұралар, қазақ ұлтына қатысты деректер өте мол.

«Атап айтқанда, Бейжіңдегі гугүн мұражайында, сиань, Ішкі Моңғолда (Ордос, Хут-Хот), Шыңжаңда (Тұрфан, Үрімжі, Алтай, Іле) қазақ тарихына қатысты мол дерек бар. Қытай десе, көптің көзіне тарихи жазбалар елестейді. Алайда Қытайдағы жартас суреттеріндегі, мәңгітастардағы, көне ескерткіштер мен қорымдардағы қазаққа қатысты зерттелмей жатқан тақырыптар аз емес. Үйсін қабірлерінің дені және ең үлкендері Шыңжаңдағы Іле өңірінде жатыр. Император Тан Тай-цзун ескерткішінің жанындағы түркілерге қатысты мүсінге, балбалтастарға біз әлі толық назар аударғанымыз жоқ. V ғасырда ғұндар құрған мемлекет - Шия патшалығына қатысты деректерді зерттеп, олар не үшін Чаңән (чанъань) қаласын Астана жасады, не үшін Чаңәнда жылқының мүсінін орнатады? «Аттың ғұнды тарпуы» деген мүсінге арқау болған идеяның тарихи астары не? - деген мәселелерге ұлттық тарихымыз тұрғысынан толық үңіле алмадық», - дейді ол.

Сенатор сонымен бірге, XVIII-XIX ғасырдағы Цин патшалығының мұрағаттарындағы қазақ тарихына қатысты жазба деректер өте мол екенін алға тартады. Оның атап өтуінше, тек Қытайдың бірінші тарихи мұрағатында сақталған қазақ тарихына қатысты құжаттардың жалпы саны 7 мыңнан асады. Қазірге дейін соның үштен бірі ғана жарық көрген.

«Цин династиясы кезіндегі архивтердің көбі алдымен мәнжу тілінде жазылып, кейін қытай тіліне аударылған. Қытайдағы архивтерді зерттеуде қытай тілін білу аздық етеді. Қытай және көне қытай жазуымен қатар, мәнжу тілін меңгерген маман ауадай қажет. Жаңа қытай жазуымен аударылған архивтерді Қытай өз мүддесіне бейімдеп аударып жібереді. Сондықтан түп нұсқаны қарау керек», - дейді сенатор.

Мұрат Бақтиярұлы Қытайдағы тарихи деректерді сұрыптауда мынадай түйінді мәселелерге баса назар аудару керектігіне тоқталады:

Біріншіден, Қазақстан мен Қытайдағы тарихтан хабары бар, қытай, мәнжур тілдерін жетік білетін мамандарды ұйымдастырып, олардың Қазақстан тарихшыларымен тізе қоса жұмыс жасауына мүмкіндік беру керек.

Екіншіден, Қазақстанға Қытай архивтеріндегі деректердің ішінарасы орысшадан аударылып жеткен. Ресей зерттеушілері қазақ ру, тайпаларының атын өз тілінің фонетикалық заңдылықтарына бейімдеп жазды. Оны кейін қазақ тіліне аударғанда, көбінің өңі өзгеріп, атаулар әртүрлі алынып кетті. Осы қателіктерді түзету қажет.

Үшіншіден, «Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер», «26 тарих» - сияқты Қытай қазақтары аударған немесе Қазақстанда аударылып, айналымға түскен деректер Қытай тарихнамаларындағы деректердің азғантай бөлігі ғана. Ал бейресми тарихнамалардағы, орданың құпия шежірелеріндегі деректер тіптен көп.

Төртіншіден, Қытайдағы жазба деректерге ғана сүйенбей, көне қорымдарға, қабірлерге, мәңгі тастарға, тарихи ескертіштерге, тіпті жер аттарына дейін зерттеу жүргізіп, олардың жазбаша дерегін, фотосурет, бейнебаянын бірге жинақтау керек. Бұл жерде үкіметаралық келісім жасап, Қытай-Қазақстан археологтары бірлескен ғылыми зерттеу экспедициясы ұйымдастыруға күш салған жөн.

Бесіншіден, Қытайдағы архивтерге, тарихи жәдігерлерге үңілгенде көне дәуірге байланысты деректерді шиәннән (сиань), ал орта ғасырдан бергі деректерді Бейжіңнен іздеген дұрыс. Тұрфан, Дуньхуан өңірлеріндегі мың үйлерден Ұлыбританияға әкетілген тарихи мұраларды да Қытай тарихындағы деректердің бір бөлігі ретінде зерттеуді де қарастыру керек.

«Тарихымызды түгендеуге зор мүмкіндік туды. Осы мүмкіндікті ұтымды пайдалана отырып, алыс-жақын елдердегі мұрағаттарға іргелі зерттеулер жүргізіп, тарихымыздың асыл қазыналарын қазақ жеріне әкелу, келер ұрпақ алдындағы парызымыз деп білеміз», - деп түйді сенатор Мұрат Бақтиярұлы.

Жоғары қарай