Ауа райы
Астана 30 °С
Алматы 35 °С
валюта бағамы
USD 384.87
EUR 432.52
RUB 6.11
CNY 55.95

Арыстағы әскери бөлім аумағында жарылыстар тыйылды

2019 жылдың 25 маусым 2019 13:04 986

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Арыстағы әскери бөлім аумағындағы оқ-дәрі қоймасында жарылыстар тыйылды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте  ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«25 маусым, сағат 12.00-дегі жағдайға сәйкес, әскери бөлімше аумағында қазіргі уақытта  жарылыстар тіркелген жоқ.  ҚР Ішкі істер министрлігінің 1 200-ден астам қызметкері мен 180-ден астам техникасынан жасақталған  күштері мен жабдықтары оқиға орнында  қалып отыр», - деді ол.

Оның айтуынша, кеше және түні бойы жүргізілген жұмыстар жеке тұрғын үйлердегі  өртті сөндіруге бағытталған.

«Жалпы 45 өрт сөндірілді. Оның 21-і тұрғын үй өрті, 9 қора-қопсы өрті. Сонымен қатар  оқ-дәрі ұшуынан тұтанған  19 дала өрті сөндірілді. Түркістан облыстық полиция департаменті мен Ұлттық ұланның әскери  бөлімдері Арыс қаласында талан-таражға жол бермеу үшін  шолғындау жұмыстарын  жүргізді. Өткен тәуліктің ішінде 3 адам ұсталып, тонау фактісі тіркелді», - деді Юрий Ильин.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Апат салдарынан екі адам мерт болды.

Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді.

Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетіндігіне уәде берді.  

Жалпы кешегі аласапыран кезде мыңдаған ата-ана баларынан көз жазып қалған болатын. Қазіргі уақытта олардың барлығы да балаларымен қауышты, барлығы дін-аман.

 

 

 

 

 

Жоғары қарай