Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Арыстанбек Мұхамедиұлы Наурызда әйел затына қызғалдық сыйлауды ұсынды

2019 жылдың 23 наурыз 2019 13:44

АСТАНА. ҚазАқпарат - Наурыз мейрамында кішкентай қыздардан бастап ақ шашты әжелерімізге дейін көктемгі жаңарудың белгісі - қызғалдақ гүлін сыйлауымыз керек. Мұндай ұсынысты Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Фейсбуктегі парақшасында жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен Наурызды мерекелеуде фольклорлық-этнографиялық қана нышанынан құтылып, оны жалпыұлттық деңгейге көтеріп, көнеден келе жатқан құндылықтарды қалпына келтіруді ұсынғанымды білесіздер. Наурызды жаңа форматта өткізудің басты идеясы - балаларымыз. Наурыз бірінші кезекте біздің бүлдіршіндер мен жасөспірімдерге арналу керек. Достарым, біз бар игі істерімізді өміріміздің мәні, жалғасы - жас ұрпаққа арнауымыз керек», - деп атап өтеді министр.

Оның атап өтуінше, Қазақстанның барлық театрлары мен мәдени мекемелері балалар үйлеріне, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына арнап қайырымдылық концерттерін өткізіп, сыйлықтар жасауда.

«Сыйлыққа міндетті түрде әдемі безендірілген қорапта жент, шек-шек сынды ұлттық тағамдарды қосуды ұсынамыз. Ал сыйлықты басқан ізі гүлденетін, ертеден келе жатқан мифтік кейіпкер Қыдыр Ата ұсыну керек. Аңызға сүйенсек, Наурызда Қыдыр Ата үй-үйді аралап, ары таза адамдардың тілектерін орындап, құт-береке, бақ әкелген. Осы шуақты күндері барлық әйел затына - кішкентай қыздардан бастап ақ шашты әжелерімізге дейін көктемгі жаңарудың белгісі - қызғалдақ гүлін сыйлауды ұсынамын. Сүйікті аналарымызды, әпке-қарындастарымызды, жарларымызды, қыздарымызды гүлге бөлейік!», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Сонымен қатар ол ер-азаматтар ағаш отырғызып, балаларға гүл егуге көмектесіп, жаңарудың тағы бір дәстүрін қалпына келтіру қажеттігін атап өтті.

«Наурыз көже мен бауырсақ, қазақтың ән мен күйі, тұсау кесер сынды дәстүрін өткізу - осының бәрі өскелең ұрпақтың санасына ғасырлар бойғы салт-дәстүрімізді сіңдірудің ең жақсы мүмкіндігі. Наурыз мейрамы - көктемгі жаңарудың, күн мен түннің теңелуінің, табиғаттың жаңа жылға бетбұрыс жасауының көрінісі. Барлық қазақстандықтарды мерекемен құттықтай отырып, шаңырақтарыңызға береке, отбасыларыңызға бақыт тілеймін!», - деді министр.

Жоғары қарай