Ауа райы
Нұр-Сұлтан 20 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 378.83
EUR 430.99
RUB 6.04
CNY 55.05

Асқар Мамин Шымкент кәсіпкерлерімен кездесті

2019 жылдың 16 наурыз 2019 17:40 1109

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -Премьер-Министр Асқар Мамин  Шымкентке жұмыс сапары барысында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын аралап көрді. Қазір бұл аймақта жалпы сомасы 29 млрд теңге болатын 13 жоба жүзеге асырылуда, 1396 адам жұмыспен қамтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арнайы экономикалық аймақтың жұмысымен таныстырған қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов кәсіпкерлерге жан-жақты жеңілдіктер ұсынылғанын атап өтті. Мәселен, бизнес өкілдеріне инфрақұрылымы дайын тегін жер учаскелері бөлініп, бірқатар салықтар мен кедендік баж салығынан босатылған. Ал, өндірілген өнімнің жартысынан көбі жақын және алыс шет мемлекеттерге экспортталады.

Үкімет басшысы «Оңтүстік» АЭА аумағында 9 кәсіпкермен жеке-жеке жүздесіп, олармен еркін әңгімелесті. Кәсіптерін дөңгелетуде қандай қолдау керектігі мен қандай кедергілер болып жатқанын сұрады.

Асқар Мамин сондай-ақ, бірқатар кәсіпорындардың қызметімен танысты. Қазақстандағы ең ірі «Бал Текстиль» кілем фабрикасында болып, жұмысшылармен сөйлесті. Жобалық құны 11 миллиард теңге инвестиция жұмсалған кәсіпорынның қуаттылығы жылына 6 миллион шаршы метр кілемді құрайды.  300 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін  зауыт полипропиленді жіптерді де шығарады. Бүгінде  Қазақстан кілемдері Ұлыбритания, Германия, Франция, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан және Тәжікстанға экспортталады.  


null 

Бұдан бөлек, Премьер-Министр жалпы инвестиция құны 1 миллиард 800 миллион теңгені құрайтын «Әлем БТ» ЖШС қазақстандық шұлық-тоқыма зауытына барды. Кәсіпорын қуаттылығы жылына 16 миллион жұп өнімді құрайды. Ерлер, әйелдер мен балаларға арналған 200-ден астам шұлық өнімдерінің ассортиментін шығарады. Іске қосылған сәттен бастап «Әлем БТ» отандық фабрика өнімдері қазақстандық тұтынушылардың сеніміне ие болды. Ресейлік нарыққа шығуды жоспарлап отыр.

Асқар Мамин сапалы аяқ киім шығаратын зауыттың да жұмысымен танысты. Таза былғарыдан аяқ киімнің сан түрін тігетін кәсіпорыннан 12 мың теңгеге аяқ киім де сатып алды.


null  

Сонымен қатар Үкімет басшысы пилоттық режімде іске қосылған  Акселератор орталығын аралап көрді.  Айта кетейік, Шымкент акселераторы мемлекеттік және жеке сектор өкілдерін қатыстыра отырып қаладағы  өзекті мәселелерді жеделдетілген тәртіпте шешеді. Осылайша, акселератор жұмыс орындарын құру, іскерлік ахуалды жақсарту, ШОБ дамыту, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және басқа да көптеген мәселелерді нормативтік-құқықтық актілерге және бюджет қаражатына өзгертулер енгізбестен тездетілген тәртіпте шешуге арналған алаң бола алады. Болашақта қалалық акселератордың міндетін кеңейту жоспарланып, бизнес-экожүйені дамыту мен инновациялық шешімдерді қалада қолдануды іске қосатын жобалар үшін стартап алаң құру арқылы жүзеге асырылмақ.


null 

Еске салайық, бүгін таңертең Асқар Мамин жұмыс сапарымен Түркістан облысында болды. Онда облыстың жаңа әкімшілік іскерлік-орталығының, 7 мың орындық стадионның, Оқушылар сарайының құрылыс алаңына барды. Сондай-ақ тұрғын үйлердің, БАҚ өкілдеріне арналған жаңа Медиаорталықтың және өзге де нысандардың құрылысымен танысты.

Одан кейін Премьер-Министр облысты дамыту перспективалары жөнінде кеңес өткізді. Селекторлық режімдегі кеңеске еліміздің бірқатар қала, облыс әкімдері мен министрліктердің өкілдері,  жергілікті депутаттар мен басқарма басшылары қатысты. Оның барысында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев жаңа нысандардың құрылысын жеделдетіп аяқтауға қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді.

 

 

 

Жоғары қарай