Ауа райы
Астана 14 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 384.06
EUR 429.19
RUB 6.08
CNY 55.83

Асқар Маминнің Түркістанға жұмыс сапары кезінде маңызды 5 құжатқа қол қойылды

2019 жылдың 18 мамыр 2019 20:38 1200

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министр Асқар Мамин бүгін жұмыс сапарымен Түркістан қаласына барып, бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Облыс орталығындағы  құрылыс жұмыстарын уақытылы іске асыру және өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету барысын тексерді,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Үкіметінің басшысы облыс орталығына келген бойда әлеуметтік нысандар мен әкімшілік мақсаттағы ғимараттарды салу барысын қарап шықты. Бұл нысандардың қатарында  қатарында оқушылар сарайы, туристік бағыттағы колледж, спорт және музыка мектептері, спорт сарайы, Халыққа қызмет көрсету орталығы, аттракциондары бар парк, музыкалық фонтан, амфитеатр, сондай-ақ, облыстық әкімдік, медиа-орталық және конгресс холл бар. Қаланың тарихи-мәдени орталығында Қ.А. Яссауи музейін, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананы, шығыс моншасын салу және визит-орталығының ғимаратын реконструкциялау жұмыстары тексерілді.  Сонымен қатар, Премьер-Министр саябақ пен «Нұр-Сұлтан» алаңының, Неке сарайының, «Rixos Turkestan»  қонақ үйінің құрылысы басталған алаңдарын барып көрді.

Бүгінде жаңадан салынып жатқан ғимараттарды электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында қалада «Яссы» шағын станциясы салынатын болады. Қазіргі таңда оның іргетасын қалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ретте сала басшылары  Асқар  Маминге аталған нысанды 2020 жылдың бірінші жартысында пайдалануға беру көзделіп отырғанын баяндады. Үкімет басшысы сапары кезінде қаладағы жолдар сапасын жақсарту және көшелерін абаттандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Жұмыс сапары аясында жалпы сомасы $1,97 млрд құрайтын 5 құжатқа қол қойылды.



null

Бұл құжаттардың қатарында  Түркістан облысының әкімдігі мен «Эко-культура» ресейлік компаниясы арасындағы $1,1 млрд сомасына Келес ауданында ауданы 500 га болатын жылыжай кешенін салу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумы,  ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Түркістан облысының әкімдігі және KAZAKHSTAN CHN-KZ ELECTRIC INDUSTRIAL PARK GROUP қытай компаниясы арасында $524 млн сомасына «Түркістан» индустриялық аймағында энергетикалық жабдық пен бұйымдар шығару бойынша Қазақстан - Қытай индустриялық паркін салу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум, ҚР Энергетика министрлігі, Түркістан облысының әкімдігі және KAZAKHSTAN CHN-KZ ELECTRIC INDUSTRIAL PARK GROUP қытай компаниясы арасындағы $225 млн сомасына Кентау қаласында қуаттылығы 200 мВт болатын «Қотырбұлақ» жел электр станциясы мен күн электр станциясын салу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумы,  Түркістан облысының әкімдігі мен «KazPV LTD» ЖШС арасындағы $100 млн сомасына, қазақстандық кремний негізінде фотоэлектрлік модульдерді пайдаланатын, қуаттылығы 100 мВт болатын күн электр станцияларын салу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумы және Түркістан облысының әкімдігі мен POLCOTTON LTD поляк компаниясы арасындағы $27 млн сомасына Сайрам ауданында аумағы 21 га болатын жылыжай кешенін салу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумы бар.

 

 

Жоғары қарай