Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 378.17
EUR 429.11
RUB 5.88
CNY 56.48

Асқар Жұмағалиев анықтамаларды қысқартуды тапсырды

2019 жылдың 20 ақпан 2019 13:48 784

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мемлекеттік органдардың базаларын интеграциялау арқылы анықтамаларды барынша қысқарту қажеттігін жеткізді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен Фейсбук желісіндегі парақшама анықтамаларды алып тастау туралы жазғанда біраз адамдар осы бастаманы қолдады. Шынымен де, анықтамаларды мүлдем алып тастау қажет. Былай қарасаң, оның бәрін жинаудың да қажеті шамалы. Дәурен Әскербекұлы (ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі - авт.), осы мәселені жан-жақты зерделеп, мемлекеттік органдардың базаларын интеграциялау арқылы анықтамаларды барынша қысқартуымыз керек. Әйтпесе, анықтаманы бір мемлекеттік органнан аламыз да, оны екіншісіне апарып береміз. Олар өздері де бір-біріне қажетті анықтамаларды жібере алады», - деді А.Жұмағалиев ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің алқа мәжілісінде. 

А.Жұмағалиев «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басты міндетін де атады.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызметтерді ұялы телефон арқылы ұсынуға басымдық беру керек. Себебі мобильді қосымшалар ыңғайы әрі біраз уақытты үнемдейді.

«Мобильді қосымшалар мен смартфондар арқылы xалыққа барынша жақын болуымыз қажет. Бұл жерде Азаматтарға арналған үкіметтің жұмысы маңызды. Халыққа қызмет көрсету орталықтарына келетін азаматтарды мобильді қосымшалар арқылы мемлекеттік қызметтерді алуға үйрету керек. Ол бір рет, ары кетсе, екі рет келсін. Осыдан кейін бәрін мобильді қосымшалар мен компьютер арқылы алуы тиіс. Корпорацияның негізгі міндеті де осы», - деп атап көрсетті А.Жұмағалиев. 

Айта кетейік, отырыс кезінде А.Жұмағалиев Astana Hub-ты дамыту мәселесіне де тоқталды.

«Бәріміз жақсы білеміз, Astana Hub іске қосылды. Ішінде қызу жұмыс жүріп жатыр. Жас жігіттер күн-түн демей, қызықты идеяларды іске асырып жатады. Astana Hub корпоративті инновациялардың орталығына айналуы қажет. Бұл дегеніміз, мемлекеттік органдар мен жеке компаниялар IT тапсырыстарын шетелге емес, өзіміздің инноваторларымызға беруі керек. Стартаптар үшін барлық жағдай жасалған. Салықтық жеңілдіктер де беріліп отыр. Венчурлық қаржыландыру туралы заң қабылданды», - дейді А.Жұмағалиев. 

 

 

Жоғары қарай