Ауа райы
Астана 8 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 327.42
EUR 383.51
RUB 5.29
CNY 51.26

Астана медуниверситетінің студенттерінен жалған IELTS сертификаттары қалай анықталды

2018 жылдың 11 мамыр 2018 13:18 1081

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов Астана медициналық университеті студенттерінен IELTS-тің жалған сертификаттары қалай анықталғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Бүгінде анықталған бұзушылықтар бойынша барлық материалдар сотқа жіберілді. Себебі шешім тек сот органдарымен ғана қабылданады. Сот шешімін күтіп отырмыз. Жалпы, бұл мәселеде дұрыс ақпарат болу үшін жалған сертификаттар қалай анықталғанын айтқым келеді. Өткен жылы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тапсырмасы бойынша ҚР БҒМ комитеті аталған ЖОО-ға тексерумен барды. Бізге аталған оқу орнында құқықбұзушылық фактілері бар деген мәліметтер келді. Тексеріс барысында 110 жалған сертификат анықталды. Осыған орай әкімшілік хаттама жазып, бұл кемшіліктерді жою бойынша нұсқама бердік», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, алты айдан кейін екінші мәрте тексеру жүргізілді.

«Сол кезде қосымша тағы да 7 сертификат анықталды. Бүгінде осындай 117 жалған сертификат белгілі болды, оның ішінде 77-сі әлі күнге дейін ЖОО-да білімдерін жалғастыруда. Алайда олар қазіргі кезде оқудан шығарылуда. Менің ойымша, сот шешімі бойынша толық жауап беріледі», - деп түйді Т. Ешенқұлов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Астана медицина университеті» АҚ-ға түсу үшін IELTS сертификатын сатып алған 100-ден астам студент оқудан шығарылды.

2017 жылдың күзінде емтиханды өз күшімен тапсырғандар жалған сертификат ұсынғандардың барына шағымданып, арыз түсірген болатын. Оған сәйкес тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде ағылшын тілін білу деңгейі бойынша тіркелмеген 117 сертификат анықталды.

Астана медицина университетінің ректоры Мәжит Шайдаров жалған сертификатпен магистратура, резидентура және докторантураға түскендердің тізімі жарияланатындығын айтқан болатын.

 

 

 

 

 

Жоғары қарай