Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 386.70
EUR 427.15
RUB 6.06
CNY 54.57

Астана мектептерінің 90 пайызында ерекше балаларға жағдай жасалған

2019 жылдың 23 ақпан 2019 17:17

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда мектептеріндегі ерекше күтімді талап ететін балаларды оқыту жағдайы туралы қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин әкімдік отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ерекше қажеттілікті талап ететін балалардың барлығы да көппен бірдей білім алуға, қоғаммен бірге болуға құқығы бар. Ол бағытта бізде бірқатар шаруа атқарылып, жұмыс процесі өз нәтижесін беріп отыр. Бүгінгі күні Астанада 90% мектепте ерекше күтімді талап ететін балаларды оқытуға жағдай жасалған. Сондай-ақ, 13 балабақшада арнайы ашылған түзету топтары бар, одан бөлек қаладағы 4 колледж инклюзивті білім беру бағдарламасымен жұмыс істейді», - деді білім басқармасының басшысы.

Оның айтуынша, бүгінде елордада ерекше күтімді талап ететін 6 мың оқушы бар, оның 80%-ы талапқа сай біліммен қамтылған.

«Соңғы уақытта мемлекет тарапынан жан басына берілетін қаражатқа да көңіл бөлініп келеді. Мысалы, балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс бойынша қарапайым балаға 27 мың теңге бөлінсе, ерекше қажеттілікті талап ететін балаға 50 мың теңге бөлінеді. Бұл дегеніміз оның тамағымен қоса, басқа да қажеттіліктерін жауып отыр деген сөз. Мектеп жасындағы осы категорияға жататын балаларға бөлінетін қаражат та екі есе ұлғайды», - деді ол.

Ә. Жанғозинның дерегіне сүйенсек, Астанада аутизммен ауыратын балалар көрсеткіші соңғы үш жылда 3,7%-ға артып отыр.

Білім басқармасы қолға алынып жатқан тағы бір маңызды іс - түзету және оңалту орталығындағы балалардың санын азайтып, оларды мектептегі инклюзивті сыныптарға көшіру.

Жоғары қарай