Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 379.75
EUR 415.18
RUB 5.78
CNY 54.19

«Астана Опера» сахнасында Абай әндері шырқалды

2020 жылдың 21 қаңтар 2020 15:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақ халқының ұлы ақыны, ойшыл-кемеңгері Абай Құнанбайұлының 175 жылдығының салтанатты ашылуы рәсімі аясында Қазақстан өнерпаздарының концерті өтіп жатыр. Концертті ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, елорда жұртшылығы тамашалауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілші.

«Астана Опера» театрының сахнасында өткен мәдени шара барысында ұлы Абайдың өлеңдері мен әндерін КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаева, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Әлібек Дінішев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Майра Мұхамедқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тамара Асар, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары мен еліміздің жас дарындарының орындауында «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен орындауда. Мектеп оқушылары Абай өлеңдерін қазақ, орыс, ағылшын, түрік, қытай, француз, араб, неміс тілдерінде жатқа оқыды.




Айта кетейік, 2019 жылдың мамырында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде мерекелеуді қамтамасыз ету мақсатында қаулысы жарық көрген болатын. Қаулыға сәйкес, Абай мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, жалпыреспубликалық жоспар бекітілді. Алдағы уақытта Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін кешенді жаңғырту жөнінде қажетті шаралар қабылданып, Нұр-Сұлтан қаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіледі. Конференция жұмысына Германияның Гете институтынан, Түркиядан, Моңғолиядан, Қытайдан, Америкадан және Канададан, Татарстан мен Әзербайжан сынды өзге де мемлекеттерден Абайдың шығармашылығы мен өмір жолын зерттеп жүрген зиялылар қатыспақ.














Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Мәдениет, #Аbai175,
Жоғары қарай