Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Астанада 500-ге жуық отбасы ТЖД қызметкерлерін үйлеріне кіргізбеген

2019 жылдың 5 наурыз 2019 21:50

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жеке үйлерге улы газды анықтайтын 1 мыңнан астам датчик орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

«Жыл сайын жылыту маусымы бойы ТЖ департаментінің қызметкерлері жеке секторды аралап шығады. Жылыту маусымы басталғаннан бері біз, жалпылай алғанда, 73 735 адамды қамтитын 456 құрылысты аралап шықтық. Қазір бұл тексерістің екінші легі жүргізілуде», - деді Астана қаласы ТЖД Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы бастығының орынбасары Әділхан Дүйсенов.

Сонымен қатар, биыл Астана қаласының тұрғын үй секторында өрттің алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру бойынша штаб құрылды. Талдау негізінде өрт және улы газбен улану қаупі бар тұрғын үй секторының учаскелері анықталды.

«Әкімдіктің мәліметінше, Астанада, саяжайды есептемегенде, 22 мыңнан астам жеке үй бар. 5 ақпаннан бастап жеке сектордағы 16 328 үйді аралау жүргізілді. Олардың 2 548-і мақсатына сай пайдаланылмаған. Құжаттар бойынша бұл үйлер саяжай учаскелері сынды. Егер бұл жерде адамдар өмір сүріп жатса, уақытша баспана ретінде есепке аламыз», - дейді Әділхан Дүйсенов.

ТЖД қызметкерлері өз рейдтерін қалалық полиция департаментімен, ҚР ІІМ ТЖ комитетімен, әкімдік қызметкерлерімен және еріктілермен бірлесіп жүргізуде.

Инспекторлар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірумен қатар, көмекке мұқтаж отбасыларды анықтауда. «Жеке секторды аралау барысында 479 аз қамтылған отбасы, 545 төрт және одан да көп балалары бар отбасылар анықталды. Аз қамтылған отбасылар анықталған жағдайда, біз жергілікті атқарушы органдарға ақпараттық хаттар жібереміз. Аудан әкімдіктерімен бірлесіп, халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдеріне: зейнеткерлерге, көпбалалы және тағы басқа отбасыларға газ тұншықтырғыш және түтін датчиктерін орнату жүргізіледі. Барлығы 1049 сатып алынды, соның ішінде 527 улы газ және 522 түтін датчигі бар. Қазірдің өзінде 1019 датчик орнатылды. Сонымен қатар, Сарыарқа ауданының әкімдігі әлеуметтік жағынан осал отбасылардың үйлерінде демеушілік көмек есебінен пешті жөндейтін мамандар тобын анықтады. Менің ойымша, қалған аудандық әкімдіктер де бұл үрдісті қолдайды», - деді А.Дүйсенов.

«Тұрғындар да алуан түрлі болып келеді. Кейбіреулері үйлеріне кіргізуден бас тартады. Бірақ айта кету керек, халықтың негізгі бөлігі түсіністікпен қарайды және біздің ұсыныстарымызды қабылдайды. 2936 үйге кіре алмадық, олардың 459-ы біздің қызметкерлерімізді үйлеріне кіргізбесе, 2477 үй иелері аралау кезінде болмады. Біздің қызметкерлеріміз кіре алмаған үйлерді қайтадан аралауға кіріспек», - деп қосты ол.

Басты сөздер: Әкімдік, Нұр-Сұлтан,
Жоғары қарай