Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Астанада аптап ыстықтан 21 адам зардап шекті

2019 жылдың 16 шілде 2019 17:29

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада ыстық ауа райынан 21 адам жедел медициналық жәрдемге жүгінген. Бұл туралы ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласының жедел медициналық жәрдем стансасына сілтеме жасап хабарлайды.

«Соңғы аптада ауа температурасының жоғарылауынан қалалық жедел медициналық жәрдем стансасына түсетін қоңыраулар 6% -ға артты. Аптап ыстықтан 21 адам жедел медициналық жәрдемге жүгінді. Оның 8-іне күн өткен және 13 адам есінен танған», - деп хабарлады елордалық жедел медициналық жәрдем стансасының қоғаммен байланыс орталығы.

Сонымен бірге, астаналық дәрігерлер аптап ыстықтан қорғану бойынша кеңес берді.

«Ыстық өткенін сезсеңіз, ең алдымен ағзаны салқындату қажет. Тікелей күн сәулесінен көлеңкеге өтіп, маңдайға мұз басуға болады. Әсіресе, қапырық ыстықтан, бас киім кимеуден, желдетілмейтін мекемеде отырудан немесе алкогольді ішімдіктен жағдай нашарлай түседі. Ағзаға көмектесу үшін, шалқадан жатып, денені тар киімнен босату қажет. Мәселен, жағаны ашып, белбеуді ағытуға болады. Жүрек айныған сәтте бір қырмен жату керек, сонда тыныс алу жолдарына бөгде зат кетпейді. Бөлме температурасындағы суды аздаған жұтыммен ішу керек», - делінген хабарламада.

Жоғары қарай