Ауа райы
Астана 12 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 386.05
EUR 428.25
RUB 5.84
CNY 54.65

Астанада «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі өтеді

2019 жылдың 2 шілде 2019 18:49 1545

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 6 шілдеде Қазақстанның астанасы күні мерекесі аясында «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі өтеді. Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен өтетін шара елордадағы Жетісу саябағында «Open air» форматында ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған халықаралық іс-шараға негізінен шетелде тұратын қандастарымыз қатысады. «Қасиетті қазақ елі» аталатын  өнер фестивалі қазақ мәдениетінің рухани және материалдық бірегейлігіне сүйене отырып, дарынды жастарды анықтауға, оларды  Қазақстанға тарту арқылы одан әрі қолдауға бағытталған. Фестиваль фольклорлық өнердің бірегей жанрларын, музыкалық және қолданбалы өнердің бірегей үлгілерін сақтауға, сондай-ақ шетелде тұратын отандастардың шығармашылық және білім беру әлеуетін арттыру мақсатында өткізіледі.

Фестивальда 4 номинация бойынша байқау ұйымдастырылады. Атап айтқанда, мүшайра номинациясында ақынның конкурсқа ұсынған туындысы бұрын жарияланбаған болуы тиіс. Туындының көлеміне шектеу қойылмайды. Үміткерлер «Қазақ Елі», «Нұр-Сұлтан», «Халық мұрасы» тақырыптарына арналған 3 туындысымен қатысуы тиіс. Ал терме номинациясында қатысушы  2 туынды орындайды. Сонымен қатар, халықтық-қолданбалы өнер номинациясында авторлық бұйымды ұсыну, бұйымдарды дайындау бойынша шеберлік сыныптарын өткізу қарастырылған. Бұйымдар қазақ халқының мәдениетін, дәстүрін және тұрмысын бейнелеуі тиіс. Бұдан бөлек, ұлттық әндер номинациясы да бар.

«Open air» форматында өтетін фестивальда жеңімпаздар мен қатысушылар марапатталады. Оның соңы қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін Гала-концертке ұласады.  Фестивальдың басты назары, «Шарын» шатқалының әсем көрінісі жанында орналасқан үлкен сахнада фестиваль қатысушыларының орындауында ең үздік музыкалық композициялар орындалады. Саябақ аумағында 10 киіз үйден тұратын этноауыл, келушілердің қолөнер шеберлерінің жұмыс жасау барысымен таныса алатын, ұлттық қолөнер сабақтарына қатыса алатын, этно-өнімдерді сатуға арналған көрме-жәрмеңке шығыс базары орын алады және суретке түсу аймағы да ұйымдастырылған.

 

 

Жоғары қарай