Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Астанада үйіне датчик қойылған отбасы аман қалды

2019 жылдың 1 наурыз 2019 21:45

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оқыс оқиға елорданың «Көктал-2» тұрғын үй жайында орын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

«Бүгін түскі 12 сағат 15 минутта «112» қызметіне жедел жәрдем станциясынан «Көктал-2» тұрғын үй алабы, Ақмола көшесі, 30 үй мекенжайында газ иісінен улану оқиғасы орын алғаны туралы ақпарат келіп түсті. Жедел жәрдем шақырған әйелдің айтуынша оқиға түнгі 02:00-де орын алып, датчик бірден дабыл қаққан және үй көк түтінге айналған. Үш баласымен үйде болған ана газ иісін кетіріп желдеткен соң қайта ұйықтаған. Таңертең екі баласын мектепке жіберіп, үшінші баласымен (2009 жылы туған) үйде қалған әйел өзін жайсыз сезініп, жүрегі айнып, басы айналған», - делінген департамент хабарламасында.

Хабарламада айтылғандай, сағат 12:00-де жедел жәрдем бригадасы анасы мен баласын ауруханаға жеткізді. Тиісті тексерістен соң денсаулықтарына қауіп болмағандықтан ана мен баланы үйлеріне жіберді.

«Дәрігерлер анасы мен баласының қазіргі денсаулығына қатысты қанағаттанарлық деген баға берді. Оқиға орын алған үйге датчик ақпан айында жүргізілген өрт қауіпсіздігіне қарсы түсіндірме жұмысы кезінде қойылды», - деп хабарлайды Төтенше жағдай департаменті.

Жоғары қарай