Ауа райы
Нұр-Сұлтан 9 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 384.05
EUR 432.79
RUB 5.96
CNY 55.46

Астанадағы көпбалалы отбасыларға арзан баспана беріледі

2019 жылдың 18 наурыз 2019 19:02 1073

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Астанадағы көпбалалы отбасыларға берілетін арендалық пәтерлердің санын жариялады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Марxабат Жайымбетовтың айтуынша, бүгінде республика бойынша 340 000 көпбалалы отбасы бар. Соның ішінде 28 126 отбасы баспана кезегінде тұр. Ал Астана қаласында 2 888 көпбалалы ана ресми кезекке тіркелген.

«Елордада көпбалалы отбасыларға баспана салу үшін жыл сайын 5,1 миллиард теңге бөлінетін болады. Ол жылда 616 пәтер салынады деген сөз. Ал жеті жылдың ішінде 35,9 миллиард теңгенің бөлінетінін ескерсек, елордада 4 107 пәтер салынады. Бұл - жалға берілетін арендалық үйлер», - деді М.Жайымбетов Астанадағы көпбалалы аналармен болған кездесуде.

Комитет басшысының сөзіне қарағанда, жеті жылдың ішінде республика бойынша арендалық пәтер құрылысына 350 миллиард теңге бөлінеді. Соның арқасында 42 000 пәтер салынады деген жоспар бар.

«Қазір аймақтар арасында кезекте тұрған көпбалалы отбасылардың саны жағынан Астана Түркістан мен Алматы облыстарынан кейін тұр. Бұл дегеніміз, ресми түрде кезекте тұрған азаматтардың 10,3 пайызы Астанада тұрады. Ағымдағы жылы мамыр айында республика бойынша 2 000 арендалық пәтер көпбалалы отбасыларға берілетін болады. Соның ішінде Астана қаласында 150-200 арендалық пәтер таратылады деген жоспарымыз бар», - деп атап көрсетті М.Жайымбетов.

Бұған дейін ҚазАқпарат тілшісі Қазақстандағы жалдамалы пәтерлер құрылысын зерделеп, көпбалалы отбасыларға арналған баспананы жалға берудің есеп-қисабын сараптап шыққан болатын. Ондай баспананың бір айлық төлемақысы шамамен 7-9 мың теңге болады деген болжам да бар. 

Айта кетейік, бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көпбалалы отбасыларға 2 проценттік ипотеканы беру шарттарын жариялады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен 8 миллион теңге қарызға алынса, алғашқы 8 жылда ай сайын 42 000 теңгеден төлеу керек. Ал одан кейінгі 11 жылда аталған сома 27 000 теңгеге дейін төмендейді.

«Жеңілдетілген баспана несиесіне жаңа пәтер, болмаса, үй сатып алуға болады. Жылдық мөлшерлемесі - 2 процент. Ол 19 жылға беріледі. Сосын 10 пайыз көлемінде алғашқы жарна салу қажет. Енді, алғашқы жарнаға ақша жоқ деген мәселе туындайды. Мәселен, 10 миллион теңгені қарызға алсаң, 1 миллион теңге көлемінде алғашқы жарна қажет. Біз бұл мәселені былай шешуді көздеп отырмыз. Әкімдіктер беретін тұрғын үй куәліктері арқылы, болмаса, ірі кәсіпорындардың көмегімен алғашқы жарнаны алуға болады. Мәселен, Астана қаласы тұрғын үй куәліктеріне 2 миллиардтан астам қаржы бөлеміз деп отыр. Соның көмегімен алуға болады», - дейді М.Жайымбетов. 

Оның айтуынша,  жеңілдетілген ипотеканы бай-ауқатты адамдар алып кетпес үшін 2 проценттік ипотека бойынша жалақының шекті мөлшері бекітілді. 

Тұтынушылық кредиті бар отбасыларға да жеңілдетілген тұрғын үй несиесі беріледі. 

 

 

 

Жоғары қарай