Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 389.86
EUR 435.32
RUB 6.12
CNY 55.12

Астанаға Елбасының есімін беру бастамасына әділ шешім жасалды - Қуаныш Сұлтанов

2019 жылдың 21 наурыз 2019 20:42

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордаға Елбасының есімін беру бастамасы бойынша әділ шешім жасалды. Бұндай пікірді ҚазАқпарат агенттігі тілшісіне Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезінде ерлік шешім қабылдап, ұлттың мүддесі үшін астананы көшірді. Сол уақытта Целиноградтың жағдайы қандай болғанын білесіздер. Осы қала бүгінде бүкіл қазақтың басын біріктірді, жан-жақтан барлық өңірлерден адамдар ағылды. Халқымыз осында ырыс пен ынтымаққа жиналды, ұлт бірікті. Ұлт өзінің жаңа мүмкіндігін ашты. Осы жерде жаңа рухани түлеу, рухани жаңару болды», - деп тоқталды Қ. Сұлтанов.

Депутат бұған дейін бірнеше рет елордаға Елбасының есімін беру бастамасын көтергенін еске салды.

«Жалпы, қаланы жаңадан құру оңай болған жоқ. Сондықтан сол тарихты білетін адам ретінде, әуелден елорданы Елбасы есімімен атауды қолдағандардың бірімін. Бүгінде өзге елдердің мамандары жаңа қаланың құрылысы бойынша бізден үлгі алып жатыр. Осы орайда бұл қала жаңа шаһар салудың моделі, сондай-ақ экономиканы жақсартудың моделі болды. Жалпы, мазмұны жағынан елорда адамның рухани сапасын көтерудің моделін қалыптастырды. Бұл тұрғыда Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі мен ерлігіне орай қалаға Елбасының есімін беруді бастапқыдан құптаған едім. Сол үшін талай жайсыз сөздерді естіген болатынмын. Негізі, осы мәселеде әділ шешім қабылданып, кеше Парламент тиісті құжатты бекітті. Елорда Елбасының есімімен аталғанына мен қуаныштымын», - деді Қуаныш Сұлтанов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Астананың атауын Нұрсұлтан деп өзгерту туралы құжатты қабылдады.

Жоғары қарай