Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Астананың жылу магистральдарын жаңғырту жұмыстары 1 қазанда аяқталады

2019 жылдың 25 қыркүйек 2019 12:06

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтанның жылу магистральдарын жаңғырту жұмыстары 1 қазанда толық аяқталмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін елордадағы жылу магистральдарын қайта жаңғыртуға арналған инвестициялық бағдарламаға сәйкес қолға алынған нысандардың біріндегі жұмыс барысымен таныстыра кетуді жөн көріп отырмыз. Ол – 21-ші жылу магистралі. Бұл - биыл іске асырылатын 12 жобаның бірі. Қазіргі таңда жоба аяқталуға жақын қалды. 1 қазан күні пайдалануға береміз», - деді тілшілерге нысан басында сұхбат берген «Астана-Теплотранзит» АҚ басшысының құрылыс жөніндегі орынбасары Құрманғазы Нұғыманов.

Оның айтуынша, елорданың шығыс бөлігіндегі жылу магистралі сонау 1979 жылы қолданысқа берілген.

«Жылу құбырларының бәрі толығымен жаңа. Жер асты және жер үстімен жүреді. Жылу магистралі трассасының ұзындығы – 594 метр. Бұл жерде жоғары білікті мамандар жұмыс істеуде. Жұмыстың бәрі кестеге сай жүргізіліп келеді», - деді ол.

Құрманғазы Нұғымановтың сөзіне сенсек, 12 жоба бойынша жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстарының арқасында ескі қалада тұратын халықтың 70 пайызы 30 жыл бойы жылу жағынан жайсыздықты сезінбейді. Яғни, бұл кәсіпорын осындай кепілдік беріп отыр. Жылу магистральдарын тартуда 100 пайыз отандық өнім пайдаға жараған.

«Жылу магистральдарына жаңа айтып кеткендей инвестициялық бағдарламалар бойынша қаражат бөлінген. Әр нысан бойынша жоспар дайындап, монополияға қарсы күрес комитетіне тапсырған болатынбыз. Мысалы, мына 21-ші жылу магистралін қайта жаңғырту жұмысына 300 млн теңге жұмсалды. Қала бойынша дәл осындай 12 нысан жасалып жатыр. 1 қазанда бәрін бітіреміз. Нысандардың көбі Сарыарқа, Алматы, Байқоңыр ауданында. Жалпы, 12 жобаны іске асыруға 1,4 млрд теңге жұмсалды», - деді Құрманғазы Нұғыманов.

Жоғары қарай