Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Ата-бабамыздың сүйегі жатқан жерді сату ақылға сыймайды – Дәурен Абаев

2019 жылдың 5 қыркүйек 2019 21:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында Қазақстандағы синофобия туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бағдарлама жүргізушісі Қытаймен бірлескен 55 кәсіпорынға наразылықты еске салып, қоғамның неге қарсы екенін сұрады.

«Жолдауда Президент жеріміздің шетелдіктерге сатылмайтынын нақты айтты. Яғни, Мемлекет басшысы саяси кепілдік берді. Мұнда барлық жорамалды доғару керек. Қытаймен бірлескен 55 кәсіпорынға неге қарсы шыққандарын түсінбеймін. Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек бирфинг өткізіп, 20 мың жұмыс орнының 95% қазақстандықтарға берілетінін айтты. Жалпы Қытай инвестициясы Қазақстанға салынатын инвестициялардың 5% ғана құрайды», - деді министр.

Оның айтуынша, әлем елдері Қытай капиталына ұмтылады. Қытайлық инвесторлар Латын Америкасында, Ресейде, Еуропада, Африкада, Таяу Шығыста жұмыс істейді.

«Бір күні қытайлық кәсіпорындар елімізден үдере көшсе, олардың экономикасына сезілмейді де. Ал бізге едәуір байқалатын болады. Ағайындар, елге қызмет етіп отырған азаматтардың барлығы надан деп ойлайсыздар ма? Біз де қазақ деген ұлы ұлттың ұрпағымыз. Ата-бабамыздың сүйегі жатқан жерді шетелге сату деген сөздің өзі ақылға сыймайды. Жер ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып қала береді. Айқайлап, өсек тарату - патриоттық емес», - деді Д. Абаев.

Министрдің пікірінше, қоғамда үлкен арандату жүріп жатыр. Әлеуметтік желілерде мақсатты жалған ақпараттар көбейді.

«Қазақстанға ағылып көшіп жатқандар, миллиондаған гектар жеріміздің сатылуы туралы шындыққа жанаспайтын материалдар шығуда. Бұл қазақстандықтарды оңай сендіріп, синофобия, русофобия, американофобияны таңуға болатынын көрсетіп отыр. Әрбір ақпараттық шабуыл инвестициялық және іскерлік ахуалға ғана емес, еліміздің туристік тартымдылығына да нұқсан келітреді», - деп өз сөзін түйіндеді Дәурен Абаев.


Жоғары қарай