Ауа райы
Нұр-Сұлтан 10 °С
Алматы 19 °С
валюта бағамы
USD 384.05
EUR 432.79
RUB 5.96
CNY 55.46

Атом электр стансасы құрылысы мәселесін халық шешеді

2019 жылдың 11 маусым 2019 20:14 1724

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлемдік энергетикалық агенттік деректеріне сәйкес, энергияны әлемдік тұтыну соңғы 40 жылда 2,2 есеге өскен. Бұл ретте, Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, әлем халқы 1,9 есе, ал энергия ресурстарын (көмір, мұнай, газ) тұтыну екі есеге ұлғайған.

Атап айтқанда, бүгінде Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесі тұрақты жұмыс істеуде. Оның жүйелік сенімділігі толықтай қамтамасыз етілген, осы орайда экономика мен халықтың электр энергиясына деген қажеттілігі қанағаттандырылған. Елімізде электр энергиясын өндіруді 138 станса жүзеге асыруда. Қазақстан электр стансаларының бекітілген жалпы қуаты 21 902 МВт-ты құрады. 2018 жылдың  қорытындысы бойынша энергия өндіру көлемі 106,8 млрд кВтсағ-ты немесе 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 104,3 пайызға жетті. Соңғы бес жылда электр стансаларының қуаты 2 470 МВт-қа жетті немесе 2013 жылдағы деңгейден 15 пайызға артты. Бұл негізінен жылу стансалары мен жаңаратын энергия көздері есебінен өсті.

Парламент  Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев соңғы 10 жылда елімізде электр энергиясын тұтыну көрсеткішінде елеулі өсім болғанын тілге тиек етті.

«2008-ден 2018 жыл аралығы кезеңінде электр энергиясын толық тұтыну өсімі елімізде 28 пайызды немесе 22,6 млрд кВтсағ-ты құрады (2008 жылдағы 80,6 млрд кВтсағ-тан 2018 жылғы 103,2 млрд кВтсағ-қа дейін). Аталған кезеңде электр энергиясын тұтыну көлемінің артуы экономиканың қарқынды өсімінің аясында орын алды. Энергияны пайдалау қарқыны негізінен өнеркәсіптік өндірісті дамытуға байланысты. Бүгінде энергияны тұтынудың жалпы көлемінде оның үлесі 55 пайызды құрады»,- деп түсіндірді ведомство басшысы.

Биылдың басында Энергетика министрлігі тарапынан 2019-2025 жылдарға арналған жеті жылдық болжам балансы бекітілген болатын. Баланс мәліметтеріне сәйкес, ескі энергетикалық қуаттарды шығару мен жаңаларын іске қосуды ескере отырып, 2025 жылға дейін электр энергиясы мен қуатының профициті болжанып отыр.

Бозымбаевтың айтуынша, электр қуатына сұранысты қамтамасыз ету үшін болжамдық баланста қолданыстағы стансаларда 3 567 МВт көлемінде қосымша қуатты іске қосу ескерілген. Сонымен қатар, бұл бағытта жаңа стансаларды салу, оның ішіне 1 269 МВт қуатындағы жаңартылатын энергия көздері нысандарының құрылысын іске асыру қарастырылып отыр.

Негізі, 2009 - 2015 жылдары  «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы жұмыс істеді. Осы кезеңде генерация секторына 1 трлн 052 млрд 204 млн теңге инвестиция салынды. Бұл 1 720 МВт-ты жаңғыртуға және 1 237  МВт жаңа қуатты енгізуге мүмкіндік берді.

«Қазіргі уақытта Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесі Ресей мен Орталық Азия елдерінің энергожүйелерімен қатарлас режімде тұрақты жұмыс істейді. Электр энергетикасы жүйесіне бағытталған ауқымды инвестициялардың арқасында соңғы жылдары республиканың экспорттық электр энергетикалық әлеуеті ұлғайды. Соңғы үш жылда экспортталатын электр энергиясының жиынтық көлемі 13, 8  млрд кВтсағ құрады. Бұл жалпы өндіру көлемінің 4,6  пайызы», - деді Қанат Бозымбаев.

Кез келген саладағы ең маңызды мәселелердің бірі негізгі қордың ескіруіне байланысты екені анық. 2009-2015 жылдары «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының арқасында саладағы негізгі қордың тозу қарқынына тосқауыл қойылды. Өндіруші активтердің тозуы 80 пайыздан (2009 жылы) жоғары болған еді, ал 2018 жылы бұл көрсеткіш 56 пайызға жеткізілді.

Министр 2025 жылға дейін біздегі энергия жүйесінде профицит болатынын айта келе, 2025 жылдан кейін де бұл салаға инвестиция тарту үрдісі тоқтамайтынын атап өтті.  Саладағы нысандардың тозуы көрсеткішін төмендету үрдісі алдағы 5 жылда біртіндеп жалғасады.

Ескі технология қажет емес

Бүгінде жаңартылатын энергия көздерінің бәсекеге қабілеттілігі артып келеді, сондай-ақ инвесторлар арасында тартымды бағыт ретінде байқалып отыр. Болжам бойынша 2020 жылға қарай әлемдік энергетикада жаңартылатын энергияның үлесі 26 пайыздан асып түседі. Бұл бағытта халықаралық инвестициялар 2001 жылдағы 61 млрд АҚШ доларрынан 2017 жылы 330 млрд долларға дейін артты.

Сарапшылар мәліметінше, баламалы энергия үлесін екі есеге арттыру - жыл сайын климаттың өзгеруі мен ауаның ластануына байланысты шығыстарды 4,2 трлн долларға дейін үнемдеуге жол ашады.

Қазіргі таңда Қазақстандағы бүкіл энергия өндірісінің арасында 1,3 пайызы ғана жаңартылатын энергияға тиесілі. Жаңартылатын энергия көздерін соңғы жылдары Қазақстан энергетикалық кешенді дамыту векторларының бірі ретінде қарастыруда. Елімізде ЖЭК секторын дамытудың нақты нысаналы индикаторлары қабылданып қойған. Осылайша электр энергиясын өндіру жалпы көлеміндегі ЖЭК үлесі 2020 жылға қарай - 3%, 2025 жылға қарай - 6%, 2030 жылға қарай - 10% болатыны көзделсе, ал 2050 жылға қарай ЖЭК және баламалы энергия көздеріне - жиынтық энергия тұтыну мөлшерінің кемінде жартысына жетуі тиіс.

Қанат Бозымбаевтың атап өтуінше, 2019 жылдың басынан бері қуаты 147,6 МВт-ны құраған жаңартылатын энергия көздерінің 7 нысаны іске қосылды. Осы арқылы, бүгінде елімізде жалпы қуаты 678,6 МВт-ны қамтыған жаңартылатын энергия көздерінің 74 нысаны жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін 236 МВт қуатымен тағы да 10 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сәйкесінше, бұл нысандар санын 2020 жылы 95-ке (1483 МВт) және 2021 жылы 119-ға (2096 МВТ) жеткізу жоспарланған.

Айта кетейік, 2018 жылдың қорытындысы аясында жаңартылатын энергия көздері бойынша елімізде 67  нысан болды, олардың жалпы қуаты 531 МВт-ны құрады.

Негізі, Еуропадан ескі жел электр стансаларын Қазақстанға кіргізу тиімді ме? Бұл стансаларды арзан бағамен елге алып келгенімен, кейін онымен пайда табуға бола ма? Осы орайда ҚР Энергетика министрі Қазақстанға ескі жел электр стансаларын жеткізуге ниетті адамдарға кеңес берді.

«Мен Еуропадан ескі қондырғыны жеткізіп, оны елді  мекенінде орнатқан ауыл тұрғынын білемін. Енді энергияны сатып, аукционға қатысуға ниетті, яғни бәсекеге түсіп, электр энергиясын бірыңғай сатып алушыға өткізбек. Атап айтқанда, бүгінде Еуропа елдері бұрын пайдаланылған жел электр стансаларынан біртіндеп құтылып жатыр. Себебі оларды утилизациядан өткізу керек, бұл өз кезегінде тиісті шығындарды талап етеді. Сәйкесінше, оны Қазақстанға өткізу оларға оңайға түседі. Қазақстандықтар болса, оны сатып алуға қарсы емес. Бұл құрылғылар өзінің қалған ресурсы бойынша жұмыс істегеннен кейін, тозығы жеткен бұл стансалармен біздің тұрғындар ертең не істейтіні түсініксіз», - деді министр.

Осы орайда ол бұл жағдай бұған дейін елімізде байқалған ескі көліктерді жаппай импорттау кестесіне ұқсас екенін мысал етті. Кезінде Германияда автокөліктің утилизациясына салық төлемес үшін оны біздің елімізге өткізді. Бізге бұл ескі көліктер көптеп кірген еді. Кейін осының салдарынан бірнеше жыл бұрын утилизацияға алым енгізуге мәжбүр болдық және 83 мың автокөлікті утилизациядан өткіздік. Осы орайда ол 2-3 жылдан кейін істен шыққан жел электр стансаларының утилизациясы да кейбір қиындықтарды тудыратыны анық.

Қ. Бозымбаевтың сөзінше, аукционға қатысушылар жаңа жабдықтармен келеді. Егер де аукционға аталған фермер ескі жабдықтарымен кіргізілсе, онда бұл жағдай кем дегенде бәсекеге қабілеттілікке нұқсан келтіреді.

«Өзінің қажеті үшін тұрғындар керек болған жабдықтарын кіргізе алады. Алайда елімізге ескі жабдықтардың жеткізілуін мемлекет тарапынан ынталандыру  - бұл қисынсыз жағдай. Осы орайда бізде нақты ұстаным бар. Қазақстан алға жылжуы керек, соңғы буынды тиімді технологияларды алып келген жөн», - деді Энергетика министрі.

Қазақстанда АЭС салына ма?

Сарапшылар 2030 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы орын алуы мүмкін деген пікірді ашық айтуда. Себебі жыл сайын электр энергиясын тұтыну артып келеді. Осыған орай  бу-газ, гидро және атом станцияларын салу сияқты әртүрлі отын және энергия көздерін пайдалана отырып, базалық және маневрлік генерацияны енгізу арқылы тапшылықты жабу мүмкіндігі зерттелген болатын. Мәселен, Атом электр стансасының құрылысы ұсынысы да назардан тыс қалмады. Дегенмен де АЭС құрылысы тақырыбы қоғамда үлкен резонанс пен пікірталас тудырды.

«Қазақстанда атом стансасы құрылысы бойынша ешқандай шешім қабылданбағаны туралы тағы да қадап айтамын. Қазақстанда біз станса құрылысының мүмкіндігін зерттеу кезеңін атқарудамыз. Оның ішінде технологияларды өндіретін елдерден тиісті мәліметтерді сұрастырудамыз. Бұл тұрғыда техникалық сипаттамалар, баға деңгейі бойынша зерттеу жүруде», - деді Бозымбаев.

Оның сөзіне қарағанда, Үкімет пен «Самұрық-Қазына» компаниясы бұл мәселені пысықтағаннан кейін, оны қоғам талқысына шығару мүмкіндігі болады.

«Өздеріңіз білесіздер, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Семейге сапары барысында бұл мәселе қоғамдық пікірді ескере отырып шешілетінін айтты», - деді ведомство басшысы.

Еске салсақ, биыл сәуір айында Семей қаласының зиялы қауым өкілдерімен кездескен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр стансасының құрылысына қатысты ойымен бөлісті. 

«Бұған қоса, ел халқының басым бөлігінің пікірі ескерілместен АЭС құрылысы туралы шешім қабылданбайды. Бұл бүкіл халқымыздың мүддесіне  қатысы бар барынша өзекті мәселе және олардың пікірлері қаперге алынады», - деді Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар 10 маусым күні Ақордада отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Президенті Қазақстан аумағында атом электр стансасын салу мәселесі күн тәртібінде тұрмағанын қадап айтты. 

«Әзірше, ондай жоспарымыз жоқ. Атом электр стансасының құрылысы біздің күн тәртібімізде жоқ. Егер болса міндетті түрде халықпен ақылдасамыз. Тіпті қажет болса, бұл мәселе бойынша референдум өткіземіз. Себебі бұл өте жауапты, өзекті мәселе. Сондықтан мен уәдемді орындаймын», - деп нақтылады Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

 

Жоғары қарай