Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 385.76
EUR 427.89
RUB 6.04
CNY 54.79

Атырау әкімі ЖЭО-дағы апаттан кейін үйлерге жылу берілуін бақылауға алды

2019 жылдың 20 қаңтар 2019 17:09

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау қаласының әкімі Алимұхаммед Құттұмұратұлы жылу беруді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан Алмагүл ықшамауданында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атырау ЖЭО» АҚ президенті Айбар Рахмановтың айтуынша, Алмагүл ықшамауданындағы 16 қабатты тұрғын үйлерге жылу берілген. Тап қазір су құбырының қысымын дұрыстау жұмыстары жүріп жатыр.

«Гидравликаны қалпына келтіргеннен кейін бұл үйлерге кешкісін жылу беріледі»,-деді Айбар Рахманов.

Сонымен қатар, қазір Балықшы ықшамауданында ыстық сумен жабдықтау апатты жағдайда істен шықты.

«Осының себебінен Балықшы ықшамауданындағы жеті үй ыстық сусыз қалды. «Гранд Мастер» ЖШС жұмысшылары апаттың салдарын жою жұмыстарын жүргізіп жатыр, тұрғындарды түсіністікпен қарауға шақырамыз»,-дейді қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Шәкір Кейкин.

Атырау қаласының әкімі Алимұхаммед Құттұмұратұлы Алмагүл ықшамауданына барып, тұрғындармен кездесті. Шаһар басшысы проблема тікелей облыс әкімінің бақылауында екенін, барлық құзырлы органдар жұмылдырылғанын атап өтті.

Еске сала кетейік, 19 қаңтар күні кешкісін ЖЭО-нда екі магистралды құбыр желісінің бірінен ұзындығы бір жарым метрлік учаскеде су кеткені анықталды. Зақым келген тұстағы суды тоқтату үшін барлық сорғылар өшірілді, соның салдарынан қаладағы жылу желісінде жылу беру тоқтады. Апаттық жағдайды жою бойынша жұмыстар Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың жеке бақылауында. Оқиға орнында апаттың салдарын жою мақсатында ведомствоаралық жедел штаб құрылды.

Зақым келген учаскені өшіргеннен кейін құбыр желілері сумен толтырылып, қалаға жылу беру қалпына келтірілді.

Қазір магистральды құбыр желісінің зақым келген учаскесін ауыстыру жұмыстары жалғасып жатыр.

Жоғары қарай