Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 389.34
EUR 428.78
RUB 6.05
CNY 55.45

Атырау облысында қанша шетелдік азамат еңбек етеді

2019 жылдың 11 қазан 2019 12:32

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Шетелдік жұмыс күшін тартатын қазақстандық компаниялар Қазақстан Республикасының еңбек және көші-қон заңдарын сақтауға міндетті және біздің азаматтарымыздың құқықтарын бұзуға жол бермеуі керек. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Атырау облысына сапары барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Б.Нұрымбетов ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың Атырау облысына жұмыс сапары аясында «Болашақ-Атырау» ЖШС мұнай-газ өңдеу зауытының басшылығымен және еңбек ұжымымен кездесті. Оның барысында министр шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындар еңбек заңнамасын бұзуға жол бермеуі және жалақы төлеуде тең жағдайларды қамтамасыз етуі тиістігін қадап айтты.

«Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында шетелдік мамандарды республикаға тарту үшін жыл сайын квота белгіленеді. 2019 жылға арналған квота 48,7 мың бірлік мөлшерінде бекітілді (жұмыс күшіне 0,54%). 2019 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, жергілікті атқарушы органдар шетелдік жұмыс күшін тартуға 18 мың 533 рұқсат берді және ұзартылды. Шетелдіктерді жұмысқа 2425 компания тартуда, онда 531 мың қазақстандық азамат немесе қызметкерлердің жалпы санының 96% жұмыс істейді. Министрлік Бас прокуратурамен бірлесіп 50-ден астам шетелдік қызметкерлерді тартатын кәсіпорындарды тексеруге бастамашылық жасады. Ағымдағы жылғы 8 қазандағы жағдай бойынша 49 кәсіпорынға тексеріс жүргізу аяқталды, еңбек және көші-қон заңнамасын бұзудың 791 фактісі анықталды, оның ішінде 24 кәсіпорында еңбекақы төлеу және сыйақы төлеу бойынша сәйкессіздіктің 476 фактісі анықталды. Мәселен, Атырау облысында «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС-да сағаттық тарифтік мөлшерлеме жергілікті инженерге 568 теңге, ал шетелдік қызметкерге 6500 теңге көлемінде тағайындалды. Мұндай тәжірибеге жол берілмейді! Жұмыс берушілер Қазақстан азаматтары мен шетелдік қызметкерлерге тең еңбек жағдайын қамтамасыз етуі тиіс», – деді Біржан Нұрымбетов.

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің мәліметі бойынша, жылдың басынан бастап Атырау облысында 364 жұмыс беруші 9 мыңнан астам шетелдік азаматты жұмысқа тартқан, оның ішінде бірінші санатқа (басшылар мен олардың орынбасарлары) - 63 (0,7%), екіншісі санатқа (құрылымдық бөлімдер басшылары) – 1 475 (16,5%), үшінші санатқа (мамандар) – 5 332 (59%), төртінші санатқа (білікті жұмыскерлер) 1 146 (13%) адам қабылданған. Сондай-ақ маусымдық жұмыскерлердің саны – 910 (10.11%), ішкі корпоративтік негізде ауыстырылғандар - 78 (1%) адам.

«Сондай-ақ, республика бойынша тексеру барысында шетелдік қызметкерлердің берілген рұқсатқа немесе жасалған еңбек шартына сәйкес келмейтін мамандық бойынша жұмыс атқаруының 183 фактісі анықталды. Жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша 447 рұқсат кері қайтарылды. Анықталған тәртіп бұзушылық фактілері бойынша жұмыс берушілерге 50 ұйғарым беріліп, 33,7 млн теңгеден астам сомаға 83 әкімшілік айыппұл салынды», –деп толықтырды Біржан Нұрымбетов.

Мұнай және газ өңдеу зауытының еңбек ұжымымен кездесуден кейін министр «№3 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-ге барып, «Венера» инклюзивті дамыту орталығының жұмысымен танысты.

Сонымен қатар, ол «Атамекен» ҰКП-ның аймақтық филиалында болып, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылған атыраулықтармен кездесті. Өз ісін ашуға микрокредиттер мен гранттар алған кәсіпкерлер министрге өздерінің жетістіктері туралы айтып берді.

Біржан Нұрымбетов кездесуге қатысушыларды Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасы бойынша, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көпбалалы және табысы төмен отбасыларды бизнеске тартудың мемлекеттік бағдарламасының тетіктерін жетілдіруге бағытталған ұсыныстарымен таныстырды.

Бұдан бұрын ведомство басшысы Атырау облысының тұрғындарына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіріп, атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктері туралы әңгімелеген еді.

Жоғары қарай