Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 389.75
EUR 434.26
RUB 6.12
CNY 55.05

Атырауда Динара Сәдуақасованың шахмат академиясы ашылды

2019 жылдың 8 қыркүйек 2019 03:09

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда еліміз бойынша тұңғыш халықаралық гроссмейстер, шахматтан бірнеше дүркін әлем чемпионы, Қазақстанның белгілі шахматшысы Динара Сәдуақасованың шахмат академиясының алғашқы филиалы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты шараға Атырау облыстық шахмат федерациясының вице-президенті Сабырбай Ғайсин, Маңғыстау облысы шахмат федерациясының президенті, Ақтау қаласының құрметті азаматы Меңдеш Салихов, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев, сонымен қатар, облыстық жастар басқармасының басшысы Роллан Құспан қатысты.

150 адамға арналған, аумағы 450 шаршы метр ғимараттағы Шахмат академиясы Ерниязов көшесіндегі №16 үйдің төменгі қабатында орналасқан. Мұнда топпен және жеке үйренуге арналған арнайы бөлмелер бар. Академияда шахматты шетелде біліктілігін арттырған мамандар үйрететін болады. Сонымен қатар, Динара да онлайн сабақтар беріп, мастер-класс өткізу үшін арнайы келіп тұрады.

«Біз барынша ірі, халықаралық турнирлер өткізіп тұруға тырысамыз. Атыраулық балалар үшін біліктілік турнирлерін өткізіп тұрудың маңызы зор. Турнирлер туралы ата-аналар мен балалар алдын ала біліп отыруы үшін жыл соңына дейін біз арнайы күнтізбе жасаймыз. Тағы айта кететін бір жағдай, мұнда мүмкіндігі шектеулі, жетім және аз қамтылған отбасыдан шыққан балалар үшін тегін үйренуге болады», - деді Динара Сәдуақасова.

Сонымен қатар, Академияның ашылу салтанаты аясында жүлде қоры 800 мың теңгелік «Atyrau chess open 2019» турнирі ұйымдастырылды. Сайысқа 6-72 жас аралығындағы 100-ге жуық шахматшы қатысты. Ойын нәтижесі бүгін белгілі болады.

Айта кетейік, Динара Сәдуақасованың Шахмат академиясына 4 жастан асқан балалар және ересектер жазыла алады. Барлық ақпарат www.atyrau_academyofchess.kz сайтында орналасқан, сондай-ақ 8 702 341 51 51 телефон номері арқылы да білуге болады.


Жоғары қарай