Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 389.75
EUR 434.26
RUB 6.12
CNY 55.05

Ауылда педагог мамандардың санын арттыру маңызды – Жандос Базартай

2019 жылдың 3 қыркүйек 2019 22:56

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім саласын дамытуға айрықша назар аударды. Қай елде де бұл салаға әрдайым қамқорлық жасалады. Білім – ертеңге салынған инвестиция екені белгілі». Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің проректоры Жандос Базартай осылай пікір білдірді.

«Біздің еліміз тәуелсіздік жылдарында оқу-ағарту ісіне ерекше қамқорлық жасап келеді. Еліміздің әрбір өңірінде зәулім мектептер бой түзеп, онда оқушылар сапалы білім алуға қол жеткізіп келеді. Бұл салаға қажетті заманауи технология қазір біздің әрбір мектебімізде жас ұрпаққа қызмет көрсетеді. Бұл жас өрендердің жан-жақты дамуына оң әсер тигізетіні белгілі. Осындай қамқорлық алдағы уақытта да жалғасын табатыны қуантады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында осы бағытта атқарылатын жұмыстар барысын айтып өтті. Бірқатар проблемаларға жан-жақты тоқталды. Мәселен, жыл сайын 21 мыңнан астам түлек кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады екен. Бұл көрсеткіш көпшілікті ойлантады. Жастар - егеменді еліміздің келешегі. Олардың болашағына бейжай қарауға негіз жоқ. Себебі, олардың арасында жұмыссыз жастардың артуы қоғамның күрделі мәселесіне айналады. Сондықтан бұл түйткілдің түйінін тарқатуға мән бергеніміз жөн. Осы орайда Президент «Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс» деп атап көрсетті», - деді Жандос Базартай.

Оның айтуынша, қала және ауыл мектептері арасындағы білімнің сапасы алшақтап бара жатқанына байланысты тиісті іс-шараларды қолға алуы қажет. Жолдауда Президент айтып өткеніндей, ауылдық жерлерде білікті педагог кадрлардың тапшылығы анық байқалады.

«Президент осы бағытта тиісті жұмыстардың қолға алатынын айтты. Солардың бірі ретінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру қажеттігіне тоқталды. Біздің елімізде халықтың тең жарымынан астамы ауылдарда тұратыны белгілі. Сондықтан жергілікті жерлерде педагог мамандардың қатарын арттыруға назар аударғанымыз орынды. Біздің Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті бұл бағытта тиісті іс-шараларды қолға алып келеді. Нәтижесінде біздің жоғары оқу орнын бітірген түлектерде туған топыраққа оралып, мектептерде педагог мамандардың қатарын толықтырып отыр. Дегенмен елімізде түлектердің жартысына жуығы өз дипломы бойынша қызметке орналаса алмай жүрген жоғары оқу орындары кездеседі. Сондықтан бұл бағытта тиісті іс-шараларды өз деңгейінде жүзеге асыруға мән беруіміз тиіс», - деді Жандос Базартай.

Естеріңізге сала кетелік, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жария етті.


Жоғары қарай