Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 386.30
EUR 428.14
RUB 6.08
CNY 54.87

Әзербайжан мен қарақалпақ сарапшылары қазіргі журналистика туралы айтты

2019 жылдың 13 қараша 2019 18:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада өткен «БАҚ және қоғамдық келісім» халықаралық форумында Әзербайжан мен Қарақалпақстаннан келген сарапшылар ұлтаралық қатынас пен оны сақтаудағы БАҚ-тың рөлі жайлы пікірін ортаға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, ҚХА ұйымдастырған форумға Өзбекстаннан Бердах атындағы Қарақалпақстан мемлекеттік университетінің профессоры Шәмшет Әбдіназимов пен Әзербайжаннан Бакудегі славян университетінің профессоры, Нурида Новрузова келген еді.

«Қазіргі таңда да Қазақстанда, Өзбекстанда атқарылып жатқан мемлекеттік саясатты БАҚ уақтылы таратып отырады. Өзбекстанда республика деңгейінде қазақ тілінде «Нұрлы жол» газеті шығады. Бұл басылым осы Өзбекстандағы шығып жатқан қаулылардың, жарлықтардың, үкімдердің басқа да түрлі жаңалықтардың барлығы қазақ тіліне аударылып, қазақ өкілдеріне жеткізілуде», - деді Шәмшет Әбдіназимов.

Оның айтуынша, Өзбекстан теледидарының бірінші арнасында «Дидар» атты бағдарлама жүргізіледі. Қарақалпақстанда «Алтын аймақ» ұлттық теледидар арнасы мен «Атамекен» телерадиосы таза қазақ тілінде хабар таратады.

«Қазақстанда 2018 жылы кең тойланған Өзбекстан жылы аясында әр түрлі салаларда көптеген шаралар, түрлі фестивальдар мен шығармашылық кештер өткізілгені белгілі. Президентіміз Шавкат Мирзияевтың 2018 жылғы 13 наурызда «Ұлы қазақ ақыны және ойшылы Абайдың шығармашылық мұрасын кеңінен үйрену және насихаттау» туралы қаулысы қабылданды. Сондай деңгейде Қазақстанда Әлішер Науайының 577 жылдығы ерекше аталып өтті. Бұл әдебиеті мен мәдениеті бір өзеннен су ішкен, ежелден туыстас болған қазақ және өзбек ұлттарының өміріндегі аса маңызды оқиға болғандығы сөзсіз», - деді ол.

Шәмшет Әбдіназимов 2019 жылы Өзбекстан Республикасында Қазақстан жылы жарияланғанын жеткізді.

«Осы шаралардың басы-қасында жүріп, халыққа жеткізетін - журналистер қауымы. Қазір бір елде болып жатқан оқиғаны бүкіл әлем бір мезетте біліп отырады. Сол себепті БАҚ өкілдерінен әркім өз мемлекеті туралы, халықтар достығы, қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулық тақырыбын жиі қозғап, жағымды ақпараттарды көбірек таратуды сұрар едім. Сонымен қатар, маңызды мәселелердің бірі - университеттерде білімді журналистерді дайындау. Қазіргі заманнның талабы жоғары. Жас журналистерге бірнеше тіл білгені, қазіргі цифрлы технологияларды жоғары деңгейде меңгергені, әлемдегі болып жатқан процестерді білуі абзал. Сонымен қатар, ұлттық бірлік пен этносаралық татулық мәселелерін біздің журналисттер терең түсіну керек. Ертең олар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеп, ақпараттық кеңістікте қоғамдық пікірді қалыптастыратын болады», - деді ол.

Профессор өз сөзінде көпұлтты мемлекетте БАҚ пен қоғамдық келісім сұрақтары өте маңызды екенін атап өтті.

Өз кезегінде Нурида Новрузова Қазақстан мен Әзербайжанды достық пен бауырластықтың тарихи байланысы біріктіретінін тілге тиек етті.

«Біз үшін мәдени, рухани негіздер ортақ. 2019 жылдың 15 қазанында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бакуда болды. Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесінің отырысы барысында ол «Түркі әлемінің жоғары орденімен» марапатталды. Бұл - көп ұлтты қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтай білген Елбасы үшін лайықты марапат. Қазақстанда 100 мыңнан астам әзербайжан тұрады. Бұл елдегі ең үлкен 10-шы этникалық топ. Сіздерге айтарым, осы жазда Әзербайжанның мемлекеттік диаспорамен жұмыс жөніндегі делегациясы Қазақстанға жұмыс сапарымен келді. Олар Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен, әзербайжан этномәдени бірлестіктерімен кездесулер өткізді», - деді ол.

Профессордың айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдары адамзат санасына әсер етудің қуатты қаруына айнаған.

«Өкінішке қарай, кейбір БАҚ ұлттық және діни шиеленістерге, ксенофобия мен саяси антагонизмге ықпал ететін ақпаратты таратады. Сондықтан, барлық журналистер үшін этникалық мәселелерді жариялаудағы басты қағида - «Ақпарат бер – алауыздық тудырма» болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, жақсы адами қатынастардың нәзік саласын жою оңай, бірақ оны қалпына келтіру қиын. Этносаралық қатынастарды саясаттандыруға рұқсат етуге құқығымыз жоқ. Біздің әл-ауқатымыз осыған негізделген. Бұл аксиома. Сондықтан біз бәрімізді бөлуге емес, біріктіретін факторларға бет бұруымыз керек», - деді Нурида Новрузова.

Жоғары қарай