Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 385.76
EUR 427.89
RUB 6.04
CNY 54.79

БАӘ әуе компаниялары Қазақстан қалаларына тұрақты рейстерді ашпақ

2019 жылдың 15 қараша 2019 11:14

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда Біріккен Араб Әмірліктерінің әуе компаниялары рейстерді ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «ашық аспан» режімінде Қазақстанға жаңа әуе компанияларды тарту бойынша жұмыс жүргізуде. 2019 жылдың 13-14 қараша күндері Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің авиациялық биліктері арасында келіссөз жүргізілді. Келіссөзге «Fly Dubai», «Emirates Airlines», «Etihad Airways», «Air Astana», «SCAT» әуе компанияларының, сондай-ақ Қарағанды және Алматы қалаларының әуежайларының өкілдері қатысты.

Нәтижесінде, екі елдің тағайындалған тасымалдаушыларына Қазақстанда енгізілген 5-ші дәрежедегі «әуе еркіндігін» ұсынатын «ашық аспан» тәртібі аясында тұрақты рейстерді орындау үшін құқықтық база бекітілді. Қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, БАӘ-нің тасымалдаушылары Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларынан 5-ші «әуе еркіндігін» ұсынатын «ашық аспан» тәртібі аясында тұрақты әуе тасымалдарын орындауға құқылы», - желінген комитет мәліметінде.

Қолда бар ақпаратқа сәйкес, әмірліктің әуе компаниялары «Дубай-Ақтау» бағыты бойынша тұрақты әуе сапарларын орындауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, «Emirates Airlines» әуе компаниясының 2021 жылы жаңа А330 және А350 әуе кемелерін алғаннан кейін, екі ел арасында тікелей тұрақты рейстерді ашу бойынша жоспары бар.

Айта кету керек, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында 2019 жылдың 1 қарашасынан бастап, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларының әуежайларында рейстер санына шектеулерді алып тастауды және шетелдік әуе компанияларына 5-ші әуе еркіндігін ұсынуды көздейтін «ашық аспан» режимі енгізілді. «Ашық аспан» режимі одан әрі ұзарту мүмкіндігімен 3 жылдық мерзімге қолданылады.

Жоғары қарай