Ауа райы
Нұр-Сұлтан 10 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 384.05
EUR 432.79
RUB 5.96
CNY 55.46

Бақыт Сұлтанов елорданың шет аудандарына тазалық жүргізуді тапсырды

2019 жылдың 29 наурыз 2019 19:45 931

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат -Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі барлық аудандарды аралап, абаттандыру, су басу, сондай-ақ жол жабындысының жай-күйімен танысты, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Қала басшысы Сарыарқа ауданын аралап көрді. Мұнда ол Қосшығұлұлы, Ақан сері, Шақпақ, Жалил, Оқжетпес көшелерінде, сондай-ақ Агрогородок ауданында болды. Байқоңыр ауданында Бақыт Сұлтанов Сусамыр, Шиелі, Кемеңгерұлы, Тайбурыл, Жаңажол, Ақжол, Досмұхамедұлы, Жетіген, Пушкин көшелерінің және Өндіріс тұрғын алабындағы жолдардың жағдайын тексерді.

Байқоңыр ауданындағы «Кирпичный» кентінде қала әкімі даулы учаскелерге қатысты мәселе көтерген Қарлығаш Набиулинамен кездесті. Түсіндіре кетсек, инвестор бұл учаске аумағындағы үйлерді сүруді көздеп отыр, тиісінше, тұрғындарға Ильинка кентінен баспана ұсынбақ. Алайда кейбір тұрғындар бұл ұсыныстан бас тартып, қаржылай өтемақы талап етуде. Аудан әкімі Ерлан Каналимовтың айтуынша, инвестор олардың үйлерін 25-26 млн теңгеге бағалаған, ал тұрғындардың талабы 60 млн теңгеге саяды. Өз кезегінде Бақыт Сұлтанов «Кирпичный» тұрғындарының талап-тілегін тыңдап, жағдайды анықтап, даулы мәселені шешуге уәде берді. Одан кейін Б.Сұлтанов Алматы ауданындағы Абылайхан, Бурабай, Қозыбасы, Лепсі көшелерінде, сондай-ақ Есіл ауданындағы А.Ермеков, Алпамыс батыр, Темірқазық, Космонавттар көшелері мен тұрғын алаптарында, сондай-ақ Пригородный тұрғын алабындағы Беласар, Арнасай көшелерінде болды. Сонымен қатар, ол Момышұлы көшесіндегі жолдардың жай-күйін тексерді.

«Тұрғындар үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз ету керек. Тазалық орнатып, жарықтандыру жүргізу өз алдына, сондай-ақ күрмеуі қиын сумен жабдықтау мәселесін жедел түрде шешу керек. Аудан әкімдерінің жұмысында олқылықтар бар, сондықтан тұрғындар айтқан мәселелерді бақылауға алуды тапсырамын», - деп қорытындылады Б.Сұлтанов.

 

Басты сөздер: Нұр-Сұлтан, Әкім,
Жоғары қарай