Ауа райы
Астана -20 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Бақытбек Смағұл: «Айбын» әскери-патриоттық жиыны жастардың бойындағы көп дертке дауа

2019 жылдың 19 маусым 2019 15:57

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Айбын-2019» республикалық әскери-патриоттық жиыны бір жылмен шектелмаей, дәстүрге айналып отырғаны дұрыс. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл Қарағанды облысының «Спасск» оқу-жаттығу орталығында өтіп жатқан республикалық әскери-патриоттық жиынға қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутат «Айбынның» бастауында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жас сарбаз» сияқты патриоттық клубтар құру туралы бастамасы тұрғанын айтады.

«Президент сайлаудан кейін ант қабылдаған кезде Қазақстан Қарулы күштерінің алдында қошемет көрсетілгенін білесіздер. Бұл кез келген мемлекеттің елдігін білдіретін нышанды шара. Өткен жылы Елбасы жас сарбаздар бірлестігін құруға бастама көтерген болатын. Сол бастама бойынша Қазақстанның барлық жерінде клубтар құрылды. Әскер - тыныштық пен тұрақтылығымыздың кепілі», - дейді Мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар, ол қазір жас жеткіншектердің түсініксіз трендтерге құмартып, әрекеттері ұсақталып бара жатқаны туралы сын көп айтылатынын алға тартады. Оның айтуынша, бүгінгі «Айбын» әскери-патриоттық жиыны сол «дерттерге» дауа болатынын айтады.

«Жігітке жігіттік сипат пен рух беретін ол - армия. Сондықтан да бүгінгі «Айбынға» Жоғарғы Бас қолбасшының баруы кешегі жауынгер ретінде мені де жігерлендіреді. Бұл шараға Қазақстанның барлық аймақтарынан патриоттық клубтардың айбынды жастары келген. Сол жастардың барлығы шыңдалып, отанның тұтастығына, мемлекет ретінде қауқарлы болуына бірден-бір жауапты өздері екенін ұғынады. Әуе мен теңізде, құрлық пен тау-таста біздің армия өзін еркін сезінетіндей қауқар алып келеді. Соны біз дамыта түсуіміз керек. Отан алдындағы борышын өтеген адам өмірдің мәнін шынайы түсінеді. Бүгінгі «Айбыннан» бастап, мектептегі алғашқы әскери дайындық пәні, мектептің сапында тұру, азаматтық міндетті өзіне жүктеу, азаматтық борышты ақтау, отанды сақтау, арды таптап өтпеу, соның барлығы да Спасскте болып жатқан «Айбынның» ұранымен үндес», - дейді халық қалаулысы.

Мәжіліс өкілі бұл жиын жыл сайын осы деңгейінен түспей, дәстүрлі өтсе деген тілегін де білдірді.

«Осындай шаралардан барып Отанға деген сүйіспеншілік туады. Қазір отанды қойып, ата-анаға масыл болып жатқандар бар. Ал «Айбыннан» өткен жастар ол жолға түспейді. «Айбынға» Президенттің арнайы барғанын, өз көзімен көргенін салаға деген қамқорлық пен қолдау деп білемін. Жоғарғы қолбасшының немқұрайлы қарамауы үлкен үміт ұялатады. Ауған соғысы ардагерлерінің қауымдастығы осы «Айбынның» құрылуына тікелей атсалысып, құжаттарын дайындасқан болатын. Бұл жиын бір жылмен шектелмеуі керек деп ойлаймын. Қазір біз маңайымызбен достық пейілде сынаққа түсіп жатырмыз. Географиялық тұрғыда тұтастығы мығым елімізді қорғайтын жастарды ерте бастан тәрбиелеу - түсінген жанға үлкен стратегиялық қадам», - деген депутат сөзінің соңын суырып салған өлеңімен түйіндеді:

Мәңгілік ел етем десең қазақты

Өзгеге емес, өзіңе қой талапты

Әйел - қазық, еркек - бақан әр үйде

Отбасына ер азамат жауапты, - дейді ол.

Еске сала кетейік, 12 маусымда өткен ұлықтау рәсімі барысында Қасым-Жомарт Тоқаев он маңызды бағытын жариялаған болатын.

Фото: old.aikyn.kz

Жоғары қарай