Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.81
EUR 430.27
RUB 6.06
CNY 54.91

Бала күтіміне қатысты әлеуметтік төлемдер өзгереді

2019 жылдың 12 наурыз 2019 19:34

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлемақылардың өзгеретіні жайында айтты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінде бала бір жасқа толғанға дейін мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан да әлеуметтік төлемдер беріледі. Бірақ ана бір жыл толмай, жұмысқа шығып кетсе, ондай төлемдер тоқтатылып отырады. Енді, қордың төлемдерін бала бір жасқа толғанша ары қарай жалғастыру ұсынылып отыр. Бірақ аталған ақының мөлшері мемлекеттік жәрдемақы деңгейіне дейін төмендетіледі. «Жаңа туған балаларды және олардың ата-аналарын қамсыздандыру мақсатында алушы еңбек қызметін қайта қалпына келтірген жағдайда әлеуметтік төлемді жалғастыру ұсынылады, бұл ретте Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері мемлекеттік жәрдемақы деңгейіне дейін төмендетілетін болады. Сосын ананың бала күтімі бойынша демалыста болған кезеңінде ол үшін мемлекет бұрынғыдай оның декреттік демалысқа шыққанға дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударған міндетті зейнетақы жарналарын төлейді», - деді С.Жақыпова бүгін ҚР Парламент Мәжілісінде өткен жиында.

Осы орайда вице-министр бір жасқа толғанға дейінгі бала күтімі бойынша республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақының 2020 жылғы мөлшерін де жариялады. Бір балаға - 15 050 теңге, екі балаға - 17 794 теңгені, үш балаға - 20 512 теңге, төрт және одан көп балаға - 23 255 теңге. Міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге қатысты өзгерістер келесі жылдан бастап күшіне енетін болса, бала күтімімен отырған аналар бір жылға жетпей, жұмысқа шығып кетсе, аталған мемлекеттік жәрдемақылардың көлемінде әлеуметтік төлемдерді ала береді. «Заң жобасы Мәжіліске енді өткізілді. Егер Мәжіліс қабылдап, Сенаттан өтіп, Елбасы қол қоятын болса, жоспар бойынша барлық шаралар 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асады», - деп атап көрсетті С.Жақыпова.

Айта кетейік, бүгін ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова депутаттарға міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы заң жобасын таныстырды. Оның айтуынша, заң жобасын қабылдаудың нәтижесінде еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан және жұмысынан айырылу бойынша төлемдердің орташа мөлшері орта есеппен 30-36 пайызға дейін өседі. Халық міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне көбірек қатысады. Сөйтіп, ресми түрде жұмыс істейтін адамдардың саны артады деген болжам бар.
Вице-министр еңбек ету қабілетінен айырылуға қатысты әлеуметтік төлемнің қалайша өзгеретінін де түсіндірді. Бұдан бөлек, асыраушысынан айырылғандардың әлеуметтік төлемдері өседі.

Жоғары қарай