Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Бас прокуратура 21 қыркүйекте болатын шеруге қатысты халыққа үндеу тастады

2019 жылдың 19 қыркүйек 2019 17:09

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы Сапарбек Нұрпейісов 21 қыркүйекте өтуі мүмкін митингке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Митингтерге қатысты Бас прокуратура бірнеше рет түсіндіріп өтті. Бірақ мен рұқсат берілмеген жағдайда қандай жауапкершілік жүктелетінін тағы бір еске салғым келеді. Біздің азаматтардың барлығы біледі, митингке шығудың өз процедурасы бар. Межеленген датадан 10 күн бұрын рұқсат алу керек. Егер осы тәртіппен рұқсат алынған болса, оны ұйымдастырушылар ешқандай жауапқа тартылмайды. Ал рұқсатсыз шықса, 15 күнге қамау жазасына дейін қарастырылған. Митингті ұйымдастырушылар азаматтардың құқығына, ұйымдар мен мемлекеттің мүддесіне зиян келтірсе, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. ҚР ҚК 400-бабы бойынша 50 тәулікке дейін қамау да бар. Сондықтан азаматтарға қаратып айтқым келеді - көшеге шықпас бұрын рұқсат алу керек», - деген Бас прокуратура өкілі 21 қыркүйекке жоспарланған митингке қатысу неліктен заңсыз екенін түсіндірді.

«Қазір өздерін «ДВК» деп атайтын ұйым жақтастары 21 қыркүйекте көшеге шығуға үндеп жүр. Оған Қазақстан аумағында экстремистік ұйым ретінде тыйым салынған. Естеріңізге салғым келеді, 2005 жылдан бері прокурорлардың өтініші бойынша сот 8 ұйымды экстремистік деп таныған. Олар: «Хизбут тахрир әл ислами», «Таблиғи жамағат», «Сенім. Білім. Өмір», «Алға»Халық партиясы», «Халық майданы-Народный вронт», «Ат-Такфир Уа-аль Хиджа» және «Йакын Инкар» және «ДВК». Бұл аталған ұйымдар экстремистік деп танылғандықтан, олардың қызметіне қатысу заңмен қудаланады. Біздің азаматтарға тағы да түсіндіргім келеді - экстремистік ұйымның қызметіне кез келген формада қатысу заңсыз», - деген Сапарбек Нұрпейісов аталмыш ұйымдардың үндеулерін әлеуметтік желі арқылы бөлісудің қандай жазаға апарып соқтыратынын айтты.

«Бұл жерде тікелей қатысу міндетті емес. Біреу жасырын қатысып, көлікпен қамтамасыз етуі мүмкін. Біреу «ДВК» жақтаушылары мен қатысушыларды жүйелі түрде жасырып келуі мүмкін. Біреу қаржыландырып, түрлі үнпарақтар таратуы мүмкін. Әлеуметтік желіде пост пен комментарий таратып, бөлісу де - экстремистік ұйымның жұмысына физикалық, ақпараттық, қаржылай көмектесу деп қаралады. Ал бұған заңмен тыйым салынған. Біз ылғи ескертіп келеміз. Тағы да азаматтарымызға қылмыстық қудалау шеңберінде қалмас үшін заң талаптарын сақтау керектігін ескертеміз» - деді ол.


Жоғары қарай