Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Батыр атағына ұсынылған 133 қазақстандық майдангер туралы кітап шықты

2019 жылдың 6 мамыр 2019 17:46

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордада белгілі ғалым Берік Әбдіғалиұлының «Ұмытылған қаһармандар» атты кітабы таныстырылды. Бұл жайында «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат .

«Екінші дүниежүзілік соғысында ерлігімен көзге түсіп, СССР батыры атағына ұсынылса да түрлі себептерге байланысты тиісті наградасына қол жеткізе алмаған қаһармандар аз емес. Олардың қатарында қазақстандықтардың да бар екені белгілі. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында белгілі ғалым, отаншыл азамат Берік Әбдіғалиұлы біраздан бері арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Өткен жылы осы игі іске «Nur Otan» партиясы да қолдау көрсетіп, қол ұшын созған болатын. Соның нәтижесінде «Ұмытылған қаһармандар» атты кітап жарық көріп, жаңа туынды бүгін қалың оқырманға жол тартты», - деп жазды ол.






Оның атап өтуінше, жобаның басты мақсаты - ұмыт қалған ардагерлеріміздің есімдерін дәріптеп, олардың ерліктерін кеңінен насихаттау, сол арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулу. Бұл - бүгінгі бейбіт күніміздің кепілі болған батырларымыздың алдындағы біздің перзенттік борышымыз.

«Кітапқа Батыр атағына ұсынылған 133 қазақстандық майдангер туралы мәліметтер енгізілген. Олардың бәрі марапаттау парақшасы тізімінен табылған ардагерлер. Дегенмен, ерліктері ескерілсе де, дер кезінде еленбей қалған батырларымыздың бұдан да көп екені белгілі. Сол себепті «Nur Otan» партиясы осы бағытта еңбектеніп жүрген азаматтарға қолдау көрсетуді одан әрі жалғастыра береді. Бүгін көпшілікке таныстырылған жаңа еңбек біздің ауқымды жұмысымыздың бірінші кезеңі ғана. Келесі кезеңде бастаманың аясын кеңейтіп, батырларымыздың есімдерін мектептерге, көшелерге және ауылдарға беру ісін қолға алсақ деген жоспарымыз бар. Алдағы уақытта сол жоспарларымыздың да жүзеге асатынына сенеміз», - деді Мәулен Әшімбаев.



Жоғары қарай