Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 377.19
EUR 408.99
RUB 5.93
CNY 54.02

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тасжолында автоматтандырылған мобильді кешен іске қосылды

2019 жылдың 19 желтоқсан 2019 13:28

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Республика бойынша ең алғаш Жамбыл облысында «Арқан» автоматтандырылған мобильді кешені қолданысқа енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жамбыл облысы аумағында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» республикалық маңызы бар тас жолында «Арқан» автоматтандырылған мобильді кешенін таныстыру шарасы өткізілді. Аталған іс-шараға Жамбыл облысы Полиция департаментінің басшысы және жеке құрамы, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Шара барысында Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев кешеннің маңыздылығы туралы түсіндіріп өтті.




«Өңірімізде жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша біздің департамент бірқатар іс-шараларды атқаруда. Осы орайда облыс әкімінің қолдауымен Республикалық маңызы бар автожолдарда қызмет көрсететін патрульдік полиция көліктеріне он бірлік «Арқан» мобильді кешенін орнатып, қолданысқа беріп отырмыз. Мобильді кешен облыстың жол-көлік оқиғасы көп орын алатын аумақтарында қызмет көрсететін болады. Сондай-ақ, автоматтандырылған режимде полиция қызметкерлерінің қатысуынсыз бақылау жүргізеді. Айта кетерлік жайт, аталған құрылғы республика бойынша біздің облыста алғаш рет қолданысқа енгізілуде. Кешенді қолданысқа енгізу арқылы біз жолдағы апат деңгейін төмендетуге қол жеткіземіз деген ойдамыз», - деген департамент басшысы құрылғының мүмкіндіктерін жан-жақты таныстырып өтті.

Айта кетейік, «Арқан» мобильді кешені жолдың бақыланатын аймағы арқылы өтетін барлық көліктердің нөмірлік белгілерін, түсі мен маркасын тануға, белгіленген жылдамдықты арттыру деректерін тіркеуге қабілетті. Бұл құрылғының көмегімен айыппұл туралы ақпараттар деректерді өңдеу орталығына және Бас прокуратураның әкімшілік өндірістерінің бірыңғай тізіліміне автоматты түрде жіберілетін болады. Сонымен қатар, полиция қызметкерінің жүргізушімен қарым-қатынасын болдырмай, сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге мүмкіндік бермек.

Бұдан бөлек, көлік құралының танылған нөмірлік белгісі бойынша полицияның іздестіруінде немесе жүргізушінің бұрын жасаған әкімшілік құқық бұзушылық үшін борышкерлер тізімінде болуы автоматты түрде тексеріледі. Бұл жағдайда мобильді кешендегі полиция инспекторы заңға сәйкес құқық бұзушыға қатысты жедел әрекет ету шараларын қабылдай алады.

«Арқан» мобильді кешені ағымдағы жылдың 20 желтоқсанынан бастап бір ай көлемінде тесттік режимде жұмыс істейтін болады. Көрсетілген мерзімде жол-көлік оқиғаларының дерегі төмендеп, оң нәтижеге қол жеткізген жағдайда мобильді құрылғының санын арттыру жоспарлануда»,-делінген облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.

Жоғары қарай