Ауа райы
Астана -24 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 387.16
EUR 428.47
RUB 6.08
CNY 55.13

Батысқазақстандық әжелер наурыз көжені даярлау әдісімен бөлісті

2019 жылдың 21 наурыз 2019 11:51

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Наурыз көженің қадір-қасиетін жастардың да біле жүргені дұрыс. Батысқазақстандық әжелер осынау ұлттық тағамның қалай дайындалатыны жөнінде әңгімелеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында тұратын белгілі әнші-термеші, сазгер, ұстаз, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Баян Қабиеваны өңір жұртшылығы жақсы біледі.

Көп жылдар бойы шәкірт тәрбиелеп келе жатқан өнер майталманы талай додадан жүлдемен оралып жүрген «Қыз Жібек» балалар термешілер ансамбліне жетекшілік етеді. Сондай-ақ ауылдағы әжелердің де басын қосып, «Шапағат» ансамблін құрып, халық әндерін шырқап, ұлттық салт-дәстүрді насихаттап келеді.

- Қазақстанның басқа өңірлері сияқты, Наурыз көже біздің аймақта да әр үйде пісіріледі. Наурыз мерекесі күндері келген қонаққа ұсынылатын басты тағамның бірі - осы көже. Оны дайындағанда, еттің салынуы қыстық тағаммен қоштасу, ақтың қосылуын ақпен қауышу деуге болады, - дейді Баян Құбайқызы.

Әжелер ансамблінің мүшесі Өзипа Рахматуллинаның айтуынша, Наурыз сөзінің өзі «жаңа күнді» білдіреді. Сондықтан жыл басында наурыз көжені дайындаудың маңызы зор.

Наурыз көже әдетте жеті түрлі дәмнен әзірленеді. Ең алдымен ол судан тұрады. Өйткені су - тіршілік көзі. Екіншіден, суға қабығынан аршылған бидайды саламыз. Тұз қосамыз. Сорпасының дәмі шығуы үшін сүрленген етті саламыз. Қатты болмауы үшін сәбіз қосылады. Бидайдың өзі ағзаға пайдалы, қан айналысын жақсартады.

Ө.Рахматуллинаның сөзіне қарағанда, беріректе бидайдың орнына күріш немесе басқа дәнді дақылдар да пайдаланылып келеді. Бидай бөртіп, піскеннен кейін қотарып алып, суыту керек. Содан кейін айран мен құрт қосылады.

«Наурыз көжені кесеге толтырып құйып, келген мейманға, үйдегі үлкен кісі, бала-шағаның бәріне ұсынамыз. Мұның сыры - адамның несібесі, ризығы мол болсын деген ырым. Тоқшылықтың да белгісі деуге болады», дейді Ө.Рахматуллина.

Наурыздың 22-сінде күн мен түн теңеледі. Сол кезде қатты шыққан дауысты қой естиді екен сөз бар. Жалпы, көктем келген соң, барша табиғат оянып, көк шығады. Мал да төлдейді.

«Наурыз төлін сыйға тартпайды. Төл басы деп есептейді. Мысалы, бір сиырым қиғаштанып, жұқа қар жауған кезде бұзаулады. Төлінің атын Наурызша деп қойдым. Екінші төлге Наурызкөк деген ат берілді. Малдың аузы көкке жетіп, ырыс-берекеміз молая берсін», дейді Ө.Рахматуллина.

Тағы бір әже Сәния Арыстанова жастардың уыздың да қадір-қасиетін білгені жөн деп есептейді.

-Сиыр төлдегенде, уызды пісіруді ұмытпау керек. Бұл - сапасы жоғары, құнары мол тағам. Әсіресе, балаларға пайдалы. Сондықтан уызды ысырап етпей, қайнатып алса, дәмді тағамның бірі болып шыға келеді, - дейді С.Арыстанова.

«Наурыз айы туғанда,

Той болушы еді бұл маңда,

Сақталушы еді сыбаға

Сапарға кеткен ұлдарға», деп ақын Мұқағали Мақатаев айтып кеткендей, Наурыз көженің тағы бір артықшылығы - ол біразға дейін сақталады. Сапарлап келген ұл-қыздарымыз да дәмін татады», дейді Баян Қабиева.

«Наурыз мерекеміз барша Қазақстанымызға құтты болсын. Дастарханымызға ақ тола берсін, басымызға бақ қона берсін», деп түйіндеді әжелер отырысын Күлән Есениязова.

Жоғары қарай