Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Белгісіз астаналық қымбат көліктен бас тартып, көпбалалы отбасыға пәтер сыйлады

2019 жылдың 23 ақпан 2019 12:40

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада белгісіз кәсіпкер қымбат көліктен бас тартып, оған жұмсалатын ақшаға көпбалалы отбасыға баспана алып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Nova Сity» компаниясының Инстаграм парақшасынан хабарланғандай, кәсіпкердің мұндай қадамды жасауына Астанада бес баланың өліміне қатысты қайғылы оқиға себеп болған-мыс.


null

«Атын атауды жөн көрмеген елордалық кәсіпкер елорда шетінде бөлме жалдап тұрып жатқан көпбалалы ана Жанар Үзденбаеваның баспана мәселесін шешіп берді. Ол бізге Nova City тұрғын үй кешенінен 3 бөлмелі үй сатып алу үшін хабарласты. Тұрғын үй кешені наурыз айының соңында пайдалануға беріледі. Алайда үйді сатып алуға қатысты барлық сұрақтар шешілді. Осы оқиғаның өзі киноға ұқсайтын секілді», - делінген компанияның хабарламасында.

Кәсіпкер өзіне қымбат көлік сатып алуды армандапты. Тіпті ол үшін ақшаның алғашқы бөлігін де жинап қойған. Алайда елордада тіркелген қайғылы оқиғадан кейін люксті автосалоннан ақшасын шешіп алып, тұрғын үй компаниясының сату бөліміне келген. Кәсіпкер салған 17 млн теңге үш бөлмелі пәтерге жетпегендіктен, тұрғын үй компаниясы өз тарапынан тағы 7 млн теңге қосыпты. Оның үстіне компания жаңа үйге толығымен жөндеу жүргізуді өз мойнына алып отыр. Яғни, көктемге қарай Жанар отбасымен жаңа үйге қоныс аударады.

«Маған осы жаңалықты алғаш жеткізген кезде сене қоймадым. Алайда Nova City компаниясының сату бөліміне бара қалған кезде қуанышым қойныма сыймады. Бәрінен бұрын қыздарымның бақыттан басы айналып жүр. Барлықтарыңызға, әсіресе осы үйді алуға көмектескен адамға көптен-көп рахмет», - дейді Жанар Үзденбаева көз жасына ерік беріп.


Жалғызбасты ана алты баланы тәрбиелеп отыр. Күйеуі қайтыс болған. Осыдан кейін жалғызбасты ана амалсыз бір бөлмелі үйді 85 мың теңгеге жалдап тұруға мәжбүр болыпты. Пәтер ақысының жартысын сіңлілері төлеп тұрған.

Жоғары қарай