Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Берік Әбдіғалиұлы: Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында елдегі ең негізгі мәселелер көтерілді

2019 жылдың 6 қыркүйек 2019 17:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Берік Әбдіғалиұлы кеңестің бүгінгі отырысында мемлекеттің болашағына тікелей қатысты, ел ішіндегі ең негізгі мәселелер көтерілгенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл алғашқы отырыс болғаннан кейін өте жіті дайындықпен, салмақты өтті. Көптеген эмоциялық ұсыныстар бар еді. Менің ойымша, оны келесі жолға қалдырып отыр. Бірақ, ең басты, негізгі, мемлекетіміздің дамуына қатысты мәселелер сөз жоқ, көтерілді. Саяси реформалардың маңызы қозғалып, нақты экономикалық ұсыныстар берілді. Тіліміздің, ұлттық рухтың әңгімесі айтылды. Ең негізгі, басым бағыттағы мәселелер көтерілді», - деді Берік Әбдіғалиұлы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында.

Кеңес мүшесінің айтуына қарағанда, алдағы уақытта әлеуметтік мәселелердің біршамасы айтылатынын атап өтті.

«Бұл жолы мемлекетіміздің болашағына тікелей байланысты, тұрақтылығы мен дамуына қатысты мәселелер айтылғанын тағы да айта кетейін. Бірақ, айтылмаған жайттар әлі бар. Біздің кеңес мүшелері келесі отырыста соған дайындалады. Менің өзім Ұлттық кеңестің әлеумет және мәдениет тобындамын. Мемлекеттік тіліміз бен тарихымызға қатысты мәселелерді көтереміз», - деді Берік Әбдіғалиұлы.

Еске сала кетсек, бүгін елордада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Отырысқа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Ұлттық кеңестің құрамы белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор өкілдерінің қатарынан қалыптасады. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл өз лауазымдарына сәйкес Ұлттық кеңестің құрамына кіреді.


Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Қоғам,
Жоғары қарай