Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 376.43
EUR 407.11
RUB 5.76
CNY 53.55

Бейнеуде жарылған гранатадан жарақат алған сарбаздың ісі прокуратураға қайтарылды

2020 жылдың 21 қаңтар 2020 22:50

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Бейнеуде оқу-жаттығу кезінде гранатадан жарақат алған әскери қызметші Сергей Кошалевтің ісі кемшіліктерді жою үшін Ақтау гарнизонының әскери прокуратурасына қайтарылды.

Қорғау тарапының өтінішін қанағаттандыру туралы қаулы бүгін шығып, Ақтөбедегі әскери сотта оқылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылдың 17 шілдесінде Маңғыстау облысы Бейнеу кентінің 99116 әскери бөліміндегі оқу-жақттығу кезінде мерзімді әскери қызметші Сергей Кошалев гранатаның жарылуынан зардап шеккен еді. Осының салдарынан сарбаздың көзі көрмей қалып, оң қолынан жарақаттанды.

Ақтөбедегі әскери сотта айыпталушы ретінде үш әскери қызметші жауапқа тартылып жатыр. Сергей Кошалев пен 99116 әскери бөлімінің реактивті-артиллериялық қарулану қызметінің аға офицері Әбдішахимов ҚР Қылмыстық кодексінің 462-бабы (қоршаған ортаға қауіп тудыратын қаруларды, заттар мен құрылғыларды ұстау ережесін бұзу) бойынша қылмыстық жауапқа тартылған.

Ал әскери бөлімнің командирі Ринат Қалиев ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабы 2-бөлігі бойынша (ауыр салдарға әкеп соққан немқұрайлылық) заң алдында жауап беруде.

Алайда кеше Қалиев елеулі заңбұзушылықтарды жою үшін өзінің және басқа да әскери қызметшілердің үстінен қозғалған қылмыстық істі прокуратураға қайтару туралы сотқа өтініш берді. Қалиевке 2019 жылдың 8 желтоқсанында берілген айыптау құжатының көшірмесіне сәйкес, ол Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық жауапқа тартылған. Алайда бұл айыптау актісінің түпнұсқасында оның іс-әрекеттері Қылмыстық кодекстің 453-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сараланған.

Ақыры сот Қалиевтің өтінішін қанағаттандырды.

«Сот елеулі заңбұзушылықтарды жою үшін істі прокуратураға қайтарады. Жол берілген заңбұзушылықтарға байланысты сот нақты айыптау шегін бекіте алмай, Қалиевтің қандай бап бойынша жауап беру керектігін анықтай алмай отыр», - деді сот Шынболат Қадыров.

Арыз түскен жағдайда мәселе Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР әскери сотында қаралады.


Перевод Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Ақтөбе облысы, Оқиға, Әскер,
Жоғары қарай